Аудан бойынша биылғы ең жоғары көрсеткіш 137 балл болған.
Бүгін Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев аудандағы жоғары балл жинаған түлектерді қабылдап, алғыс хатпен марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қабылдау барысында аудан басшысы түлектерге өзінің ізгі тілектерін жолдап, болашақта ел мақтанатын азаматтар болуын тіледі.
«Алғаш болып ҰБТ тапсырып аудан тарихында қалып отырсыздар. Сіздердің жинаған жоғары баллдарыңыз келесі жылы ҰБТ тапсыратын мектеп оқушыларына үлкен мотивация болары анық. Сол үшін алдағы уақытта ауданымыздың мақтанышы болатындай жақсы кәсіп иесі болуларыңызды тілеймін», - деп лебізін білдірді аудан әкімі Ақментай Есбаев.
Айта кетейік, биыл №19 Б. Майлин жалпы орта мектебінің оқушысы Қыдырәлі Бану Жәнібекқызы 137 балл жинады. №33 Жуантөбе жалпы орта мектебінің оқушысы Бейсенбек Дінмұхаммед 136 балл, №7 жалпы орта мектебінің оқушысы Жәнібекұлы Нұрполат 135 балл жинап үздік шықты.
Келес ауданында биыл алғаш рет ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыіңғай тестілеуді өткізу қағидасына сәйкес, қаңтар, наурыз, маусым айларында өткізілді. «Келес ауданы Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункті» бойынша 20 сәуірде және 10 мамыр аралығанда өткен тіркеу барысында Ұлттық бірыңғай тестілеуге аудан бойынша 872 бітіруші өтініш берді. Ал 2019 жылдың қаңтар, наурыз айларында өткен ақылы «ҰБТ-2019» сынағына жалпы 1661 бітірушінің 892-сі қатысып, сертификатталды. 253 бітіруші сол сертификаттарымен жоғары оқу орнына баруға шешім қабылдағаны анықталды, олар маусымдағы сынаққа қатыспады. Маусым айының 20-22 кундері екі лекте өткізілген тестілеуге жалпы аудан бойынша өтініш берген 872 оқушының 861-і қатысып сертификаттарын алды. ҰБТ- ға қатысқан 861 оқушының 83-і яғни 9,7 пайызы 100-ден жоғары балл жинады.