28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні.
Түркістан төрінде өңіріміздегі ақпарат саласының үздіктерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай киелі Түркістан төрінде өңіріміздегі ақпарат саласының үздіктерін марапаттау рәсімі өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтады.
«Өңіріміздегі барша БАҚ өкілдерін бүгінгі кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі таңдағы әлем жұртшылығының ақпаратқа деген сұранысының жоғарылауы – осы бір қызығы мен қиындығы қатар жүретін мәртебелі мамандық иелеріне артылар жүктің салмағын айқындап бергендей. Сіздердің мамандықтарыңызға үлкен құрметпен қараймын! Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, шабыт, шығармашылық табыс және барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін», – деді Сәкен Қалқаманов.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісімен, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің грамотасымен, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің алғыс хатымен, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлының алғыс хатымен, Түркістан облысы мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиевтің құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Дәулетұлының алғыс хатымен, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбсаттарұлының алғыс хатымен және Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Дәулетұлының Құрмет Грамотасымен журналистер марапатталды.
Айта кетейік, 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай облыстық қоғамдық даму басқармасы дәстүрлі түрде өтетін «Түркістан БАҚ – 2021» шығармашылық байқауын жариялаған болатын. Ел Тәуелсіздігіне жету жолындағы ерен ерліктер мен 30 жылда жеткен жетістіктер және Түркістан облысы туралы жағымды материалдар ұсынуды мақсат еткен аталмыш байқау 10 номинация бойынша өткізілді.
Жалпы байқау барысында 40-қа жуық өтінім келіп түскен. Комиссия мүшелерінің сынынан сүрінбеген 10 жеңімпаз анықталып, марапатталды.
Атап айтсақ, "Жас алаш" газетінің Түркістан облысындағы тілшісі Бақытжан Дәуіт "Алтын қалам" номинациясын, «Айғақ» телеарнасының тілшісі Абай Өсербайұлы «Tүркістан-Темірқазық», «Жанубий Қозоғистон» газетінің фото тілшісі Собиржан Шкуралиұлы «Объектив», «Хабар24» телеарнасының Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі Рауль Ринатұлы «Тұран сайыпқыраны», «Отырар» телеарнасының бас редакторы Жансая Тәуекелқызы «Тәуелсіздік тағылымы», «Turkistan» телеарнасының бас редакторы Гүлжазира Ғалиқызы «Таңғажайып Түркістан», Әлеуметтік желі белсендісі Гаухар Нұрмаханқызы «Туған жер жанашыры», Түлкібас ауданы «Шамшырақ газеті «Үздік аймақтық басылым», «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сайты «Жаңа ақпарат» номинациясын және «Рейтинг» газетінің дизайнері Нұржан Бақытжанұлы «Үйлесім» сыйлығын жеңіп алды.