Басқосуға ауданның жастармен жұмыс жүргізуші мамандар мен өңір белсенділері қатысты.
Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» КММ ғимаратында дөңгелек үстел өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекетіміздің жастарға білдірген сенімі бүгінде толықтай ақтала басталғандай. Себебі, Жетісайдың белсенді жастары мемлекет басшысының болашаққа бек сеніммен қадам басқан әрбір бастамасын, жоспарлары мен мемлекеттік қабылданған бағдарламаларды талқылау, жастардың қоғамдағы, әлемдік ахуалдағы карантиндік режим кезеңінде атқаратын іс-шаралар жоспары мен міндеттемелерін нақтылау мақсатында Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» КММ ғимаратында дөңгелек үстел өткізілді. Басқосуға ауданның жастармен жұмыс жүргізуші мамандар мен өңір белсенділері қатысты. Жиын барысында белсенді жастар бүгінгі ел жастарына жасалып жатқан жағдайлар – білім мен ғылым, кәсіпкерлік, спорт пен мәдениет, әлеуметтік, IT саласымен қатар басқа да бағыттардағы мол мүмкіндіктер жайында сөз қозғап, мемлекет артқан сенімге қандай іс-әрекетпен жауап береміз деген сұрақ аясында пікір алмасты.
Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданын мекен еткен 173 456 тұрғынның 43 282-і 14-29 жас аралығындағы жастар. Бұл аудан халқының 25 пайызы немесе ¼ бөлігі. Соның ішінде 9 344 жас қалалық жерде тұрса, ауыл жастарының саны 33 938-ді құрап отыр.
«Үміт пен сенімнің жүгін арқалаған жастардың ел еңсесін көтеруге өз үлестерін қосулары үшін алар білімнің сапалы болғаны, аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендердің жастарымен бірлесе жұмыс жүргізу керек. Бүгінгі бас қосуымыздың да басты мақсаты – елдегі мемлекеттік жастар саясатын насихаттауды ұйымдастыру, жүзеге асуына барлық деңгейдегі жастарды жұмылдыру», - дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Мутаев.
Жастарымыздың Мағжан Жұмабаев айтқанындай «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты» болу керектігін бүгінгі қоғам, қазіргі нарық және бәсеке заманы тілеп-ақ тұр. Жүректерінде жалын бар, бойларынан бұла күші тасыған ХХІ ғасырдың жастары күнделікті өзгеріп отырған өмірге, құбылыстар мен жаңалықтарға үрке қарамай жақсыны көкейіне түйіп, өзінің рухани білімін шыңдаса ертеңгі ұрпағына айтар ақылы, ізгі өсиеті мол абыз қария болары анық.