ТҮРКІСТАН: Жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан азаматқа қатысты іс тоқтатылған

0
739

Жәбірленуші қарсы арыз жазыпты.


ТҮРКІСТАН: Жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан азаматқа қатысты іс тоқтатылған

Түркістан облысында сыра ішкен жүргізуші жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Осыған дейін Түркістан облысында сыра ішкен жүргізуші тал түсте жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққанын хабарлаған едік. Осы орайда, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.


Ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылдың 28 сәуірі күні Түркістан облысы ПД Төлеби аудандық полиция бөліміне Леңгір қаласында "Volkswagen Passat" автокөлігінің басқарушысы медициналық жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрғаны туралы хабарлама келіп түскен.


Оқиға орнына шыққан полицейлер ер адамның шақырту бойынша кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіне көпірде жол бермегенін анықтады. Нәтижесінде екеуінің арасында жанжал туындап, салдарынан жедел жәрдем қызметкері дене жарақатын алған.


"Полиция қызметкерлері заңға қайшы әрекеттерді тоқтатты. "Volkswagen Passat" жүргізушісі медициналық куәландыруға жеткізіліп, оның «жеңіл дәрежелі» мас күйі расталды. Бұзақылық әрекеттері мен дене жарақатын салу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігімен "Бұзақылық" сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тергеу барысында жедел жәрдем жүргізушісі ешқандай шағымы жоқ екендігі туралы қарсы арыз түсірген. 25 маусымда тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі және 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес тоқтатылған. "Volkswagen Passat" жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (мас күйінде көлік басқару) мен ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі (жалған нөмірлері бар автокөлікті басқару) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Көлік айыптұраққа қойылған", - делінген ресми мәлімдемеде.


Баспасөз қызметің хабарлауынша, 2023 жылдың 20 шілдесінде "Volkswagen Passat" жүргізушісі ұсталып, ол ӘҚБтК-нің жоғарыда аталған баптары бойынша жауапкершілікке тарту үшін сотқа жеткізілген.


Ал, бейнежазбадағы шақырту бойынша келген полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша заңды шешім мен тиісті шаралар қабылданады.