Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді.
Елімізде жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде бірқатар маңызды жаңа заңнамалар қабылданды. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Жаңа заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігі тоқтатылады. Бұл арқылы жемқорлардың артықшылықтары жойылады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Пара алушы мен пара беруші үшін де заң қатаңдатылды», - деді Департаменті басшысының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, брифингте автокөлік жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалауға бағытталған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы баяндалды. Атқарылған мониторинг нәтижесінде жол сапасын бақылау жұмыстары барысында облыста былтыр жалпы саны 114 заң бұзушылық анықталып, оның 97-сі яғни 86% кемшіліктер қалпына келтірілген.
Баспасөз мәслихатына қатысқан "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Мұхит Ахметов жолды сапасыз салған мердігер мекемелерге айыппұлдар салынып, кейбірінің аттестаттары тоқтатылғанын айтты.
«Егерде жол саласында қандай да бір бұзушылықтарды анықталса, біздің Орталыққа 8-7172-739-739 телефон номеріне хабарласуға болады. Не trk.info@sapaortalygy.kz электронды поштасына хат жазып, шағымдануға мүмкіндік бар», - деді Мұхит Тұрмысбекұлы.