Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 272 млн. 40 мың теңге бағытталып отыр.
Биыл Түркістан облысы Жетісай ауданында 31 ішкі көше орта жөндеуден өтетін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 272 млн. 40 мың теңге бағытталып отыр. Осы ретте жол жөндеу жұмыстарының сапасы мен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына мән берілуі тиіс. Бұл туралы Жетісай қаласындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып шыққан аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.
Сондай-ақ, биыл 16 ішкі көшені ағымдағы жөндеуден өткізуге 50 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары бастау алды. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 9,8 шаұырымды құрайтын аудандық маңызы бар 2 автомобиль жолын (Жетісай қаласы Ерубаев көшесі, Жылысу а/о Әлфараби е/м кіреберіс) орта жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 137 млн 104 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Бұған қоса, республикалық маңызы бар А-15 «Жібек жолы – Сарыағаш – Абай – Қызыләскер – Асықата – Жетісай -Гагарин» автомобиль жолының 88-90 шақырымы (Жетісай қаласы М.Әуезов көшесі) 2019 жылы орта жөндеуден өткізілетін болады.
Сонымен қатар, ұзындығы 11,7 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар «КХ-117 «Ленинабад-Үтіртөбе» автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу мақсатында республикалық бюджеттен 2019 жылға 500 млн теңге бөлініп, (нысан 2020 жылға өтпелі, жалпы сметалық құны 1 млрд 100 млн) қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Ал, ұзындығы 35 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар КХ-75 «Макталы-Асықата» автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 2019 жылы 795 млн теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстары басталуда.
Айта кетейік, Жетісай ауданның көлік жолдарының жалпы ұзындығы 365,3 шақырымды құрайды. Осы жолдардың 43,6 шақырымы республикалық, 210,4 шақырымы облыстық, 111,3 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жатады. Ішкі көшелердің жалпы ұзындығы 863,244 шақырым ды құрайды.