Өткен жылдың соңғы күндерінде Жетісай ауданына қарасты Әл-Фараби елді мекенінде 200 орындық жаңа мектеп ғимараты қолданысқа берілді.
Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты 70 мектептің бүгінде 62-сі типтік үлгіде, ал, 8-і ыңғайластырылған ғимараттарда жайғасқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұған дейін ыңғайластырылған ескі ғимаратта білім алып келген ауыл балаларының қуанышында шек жоқ. Өйткені типтік негізде бой көтерген 200 орындық екі қабатты зәулім білім ордасы заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Спорт және мәжіліс залдары, компьютер, физика, химия, биология және лингафон кабинеттері, асхана оқушылардың сапалы білім алуына толық мүмкіндік береді. Мектептің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Жамантай Қанайұлы мен ауыл ақсақалдары жаңа мектептен тек еліміздің мерейін үстем ететін түлектер ұшып шығуын тілеп, ақ баталарын берді.
«Заман талабына сай мектеп ғимаратының салынуына бірінші кезекте Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз. Өйткені, бұл мектептерде перзенттеріміздің сапалы білім алуларына барлық жағдайлар жасалған, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ендігі сіздердің мақсаттарыңыз – осы білім ұясынан тек қана ұлтжанды, білімді азаматтарды тәрбиелеп шығару», - деді аудан басшысы.
Айта кетейік, өткен жылдың соңына дейін Жетісай ауданында үш жаңа мектеп қолданысқа берілсе, 2019 жылы тағы жеті мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Заман талабына сай толық жабдықталып, ел игілігіне тапсырылып отырған мұндай білім ұялары шәкірттерге тынымсыз ізденіс пен білімге деген құштарлықты, ал, ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілікті жүктейтіні анық.