Диқандарға 3700 тонна жанар-жағар май таратылған.
Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 25 млрд. теңгеге артты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Жетісай ауданы бойынша биыл ауыл шаруашылығы саласында 86,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде мал шаруашылығы 15,6 млрд. теңге, өсімдік шаруашылығының көлемі 70,9 млрд. теңге болды. Бұл 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25 млрд. теңгеге артқан.
Атап өтсек, биыл ауданда 78,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның 44 мың гектардан астамы мақта, 21 мың гектары бақша өнімдері, 10,1 мың гектары мал азықтық, 3 мың гектары көкөніс және басқа да дақылдар. Қазіргі таңда ауданда мақта терім науқаны аяқталып, жалпы 112 тонна мақта жиналды. Одан бөлек 31 мың тонна дәндік жүгері, 85 мың тонна картоп және көкөніс, бақшадан 651500 тонна, сүрлемдік жүгеріден 27 мың тонна, жоңышқадан 92 мың тонна өнім алынды.
Сондай-ақ, ауданда 1 жерден 2-3 өнім алу жобасын іске асыру мақсатында биыл 361 шаруа қожалық иелері 854 га жерге бірінші өнімге қырыққабат дақылын егіп, екінші өнімге бақша, дәндік жүгері, мақта, асқабақ, сәбіз, маш дақылдарын еккен. Ал, диқандарға 3700 тонна жанар-жағар май таратылған.
Аудан бойынша 190 мың тонна мал азығы дайындау жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін 194,7 мың тонна малазықтық шөп дайындалған.