Тұрғын үй аумағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Жетісай ауданында инвестиция көлемі 29,1 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай ауданы тұрғындарымен ашық аспан астындағы кездесулерде облыс тарапынан шалғайдағы аудандарды дамытуға тиісті қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Осы арқылы аудан, қалалардың инфрақұрылымы дамып, әлеуеті көтеріліп келеді.
Былтыр Жетісай ауданында инвестиция көлемі 29,1 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 8,6%-ға өсіп, 93 млрд. теңгені құрады. Биыл 79,3 мың гектарға егіс орналастырылады. Диқандар жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 1100 гектар жерде 236 жоба іске асырылып, бірінші өнім жиналып жатыр.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы 5 елді мекенде 44 жоба іске асырылды. 2022 жылы 7 елді мекенде 35 жоба іске асырылуда. 2021 жылы Қызылқұм ауылдық округі, Датқа елді мекеніндегі 200 орындық мектептің құрылысы басталып, пайдалануға берілді.
Одан бөлек, Жетісай қаласында жаңа құрылыс аумағында 6 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Биыл пайдалануға тапсырылады. Аталған тұрғын үй аумағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде 200 отбасы баспаналы болады.
Айта кетейік, былтыр Жылы-су, Әл-Фараби, Байқоныс, Баққоныс, Мырзашы елді мекендері топтасқан су жүйесіне қосылды. Жетісай қаласының тозған ауыз су жүйелерінде реконструкциялау жұмыстары басталған. Биыл аяқталады. Қоғалы, Жемісті, Жеңістің 40 жылдығы, Мақташы, Талапты елді мекендерінің жаңа құрылыс аумағында электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілген. Жылы су мен Байқоныс елді мекендеріне табиғи газ тартылған.