200-ге жуық жас балуан 11 салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Қазақ күресінен Жетісай ауданының ашық біріншілігі болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің №40 «Ынтымақ» жалпы орта мектебінде мектептің 2003 және 2004 жылғы түлектері мен Жетісай аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен «1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні» мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Әден ата ауылының мезгілсіз дүниеден өткен азаматтарын еске алуға арналған қазақ күресінен Жетісай ауданының ашық біріншілігі болып өтті.
2009 – 2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен турнирдің ашылу салтанатына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, Асықата кентінің әкімі Бақыт Серіков пен Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мұхтар Бейсенбаев, аудандық мәслихат депутаты Нұрбек Бектөреев пен қаза болған азаматтардың туған-туыстары, спорт ардагерлері қатысты.
Әден ата ауылының тумалары Бекжан Әуелов, Ғабит Орал, Нұртас Жүнісов, Медет Қошанов пен Нұрлыбек Биботаевты еске алуға арналған байрақты бәсекеде Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт, Ордабасы, Созақ аудандарымен қатар Түркістан қаласынан келген 200-ге жуық жас балуан 24 келіден 55 келіге дейінгі 11 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтады.
«Спорт – денсаулық кепілі. Біз бұл турнирді өткізу арқылы бірінші кезекте салауатты өмір салтын насихаттауды, жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуды, жаңа жас таланттарды анықтауды, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» мерекесін, күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді, мезгілсіз қаза болған қатарлас достарымызды еске алуды мақсат еттік», - дейді №40 «Ынтымақ» жалпы орта мектебінде мектебінің мұғалімі, шараны ұйымдастырушылардың бірі Талғат Ашеков.
Барлық санитарлық және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып өткізілген тартысты өткен байрақты бәсекеде бабы мен бағы қатар жанған жас балуандар қарсыласын алып та жықты, шалып та жықты. Сонау ықылым заманнан атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дарыған күресте бабы келіскен жасөспірімдер бар мүмкіндіктері мен әдіс-тәсілдерін қолдануға тырысып бақты. Боз кілемде атой салып, талайлардың таңдайын қақтырған күрес спортының болашақ жұлдыздарының өнерін тамашалаған жанкүйерлер қошемет көрсетіп, демеу беріп отырды.
«Бүгінгі сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әр өңірден келген жас балуандар өз салмақтары бойынша мықтыларды анықтауда. Бүгінгі күн – қазақ күресінің жаңа таланттарын анықтап, жаңа чемпиондардың жұлдызын жағатынына сенімдімін», - дейді Жетісай аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Махамбетов.
Айта кетейік, айтулы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің №40 «Ынтымақ» жалпы орта мектебі мен Жетісай аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы атсалысса, Асқар Сұлтанов пен Шохан Жүнісов сынды азаматтар демеушілік жасады.
Турнир соңында барлық жеңімпаздар мен белсенді қатысқандар, жастарды спортқа баулып жүрген жаттықтырушылар арнайы дипломдармен, ұйымдастырушылар тағайындаған медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.