Полиция бөлімінде арнайы орнатылған монументке гүл шоқтарын қойды.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің мамандары мерекені ардагер полицейлерге алғыс айтып, марапаттаумен бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
23 маусым – елдің тыныштығы мен бейбіт күннің бекемдігін күзететін, өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоятын Қазақстан Республикасы полициясының күні. Айтулы мерекені жоғары деңгейде атап өткен Жетісай аудандық полиция бөлімінің мамандары мерекені ардагер полицейлерге алғыс айтумен, марапаттаумен бастады. Аға буын өкілдерімен қатар қауіпті де маңызды мамандықты таңдап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде және орын алған қылмыстарды дер кезінде ашуда айрықша көзге түскен полиция қызметкерлерін де марапаттауды естен шығармаған Жетісай аудандық полиция бөлімінің басшысы Ермахан Абдраманов пен Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов жиылғандарды төл мерекелерімен құттықтады. Ыстық ықыласын білдірді.
«Елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетуді мақсат етіп таңдаған мамандығымыздың ауыртпалығы, жауапкершілігі, қадір-қасиеті Сіз бен Бізге ғана мәлім. Бүгінгі мереке, бүгінгі құрмет пен ықылас біздің жауапкершілігімізді бұрынғыдан да арттырып, жұмысымыздың сапасын бұдан да жақсарта түсетініне сенімдімін. Баршыңызды мерекемен құттықтай отырып дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, жұмыстарыңызға игілік пен мемлекет алдындағы анттарыңызға берік болып қалуларыңызды тілеймін», - деді полиция полковнигі Ермахан Абдраманов.
Сонымен қатар, шараға қатысушылар ішкі істер саласында абыройлы еңбек етіп, бейбіт елдің берекесін күзетуде жанқиярлық танытқан, қызмет бабында қаза болған әріптестерін бір минуттық үнсіздікпен еске алып, полиция бөлімінде арнайы орнатылған монументке гүл шоқтарын қойды.