Өрттен 4 адам құтқарылды.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан қаласындағы Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу корпусынан өрт шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өрт оқиғасы 21 маусым күні таңғы сағат 09.55-те орын алған. Түркістан қаласындағы Б. Саттарханов даңғылында орналасқан Х. А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің 4 қабатты ғимаратының №2 оқу корпусының цокольдық бөлмесіндегі оқу парталары мен шкафтары өртенген.
"Өрт орнында 3 бірлік оқу партасы, 1 бірлік оқу шкафы және әр түрлі қағаз материалдары жойылды. Өрт 10-32-де оқшауланып, 10-45-де жойылды. 4 адам құтқарылды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ",-деп хабарлайды Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Тілсіз жауды ауыздықтауға Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің отыз қызметкері мен жеті техникасы, «АМО» ММ-нің 3 қызметкері мен 1 техникасы, ПД КЖТТ10 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылған. Қазір мамандар өрттің шығу себептерін анықтап жатыр. Түркістан қаласы төтенше жағдайлар басқармасының инженерлік-инспекторлық құрамы осы университетте өртке қарсы дайындық жағдайын бақылап тексеруден өткізген екен. Сол кездің өзінде тексеру нәтижесі бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерінің 18 бұзушылығы анықталған.
Тексеріс қорытындысы бойынша Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, «Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті» заңды тұлға 18937,5 теңге айыппұл төлеген",-дейді төтеншеліктер.