ТҮРКІСТАН: Жылыжайлардан 145,1 мың тонна өнім өндірілген

0
614

Мақта дақылынан 281 мың тонна өнім алынды.


ТҮРКІСТАН: Жылыжайлардан 145,1 мың тонна өнім өндірілген

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 635,2 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 9 айда 635,2 млрд теңгеге жетті. Бұл республикадағы табыстың 12 пайызын құрайды. Бұл туралы брифингте облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.


Оның айтуынша, биыл ауа-райы ауыл шаруашылығына қолайсыз болғандығына қарамастан агроөнекәсіп кешенінің дамуы тұрақтылығын сақтаған.


«Ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 42,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артқан. Жалпы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың гектарға орналастырылған. Оның 237,9 мың гектарына - астық егіліп, 241,2 мың тонна өнім қамбаға құйылды», – деді Н.Бадырақов.


Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа 20 центнерге өсіп, 3,3 млн тонна өнім жиналды. Ал 2021 жылдың 9 айында мақта дақылынан 281 мың тонна өнім алынды. Биылғы жылы 18 мақта өңдеу зауыттарының 206 мақта қабылдау бекеттері арқылы 1 тонна шитті мақтаны 320 мың теңге бағада қабылдауда. Баға өткен жылмен салыстырғанда 150 мың теңгеге артқан.


Сондай-ақ, басқарма басшысы мал азықтық қорды қамтамасыз ету тұрақты бақылауға алынып, нәтижесінде 4,2 млн тонна мал азығы дайындалғанын жеткізді. Бұл облыстағы мал басына қажеттіліктің 108 пайызын қамтамасыз етеді.


Өңірде 105,3 гектарға жылыжай салынып, жалпы көлемі 1 437 гектарды құрады. Бүгінге дейін жылыжайлардан жалпы 145,1 мың тонна өнім өндірілген.