10 көпқабатты үй мамыр айының соңына дейін тапсырылады.
Түркістандағы жаңа қала аумағында 5313 пәтер салынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістандағы жаңа қала аумағында салынған 5313 пәтер пайдалануға берілмек. Пәтерлердің жалпы ауданы – 345 мың шаршы метр. Оның ішінде 4039 пәтер – кредиттік, ал 1274 пәтер кезектегі азаматтарға беріледі. Әкімшілік-іскерлік орталықта 7, 9 және 12 қабатты жалпы 82 тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. 10 көпқабатты үй мамыр айының соңына дейін тапсырылады.
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық отырысында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Барлық құрылыс алаңдарында абаттандыру жұмыстары қатар жүріп жатыр. Басты талап – сапа.
Күн тәртібінде облыстағы жол мәселесі де сарапталды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 700-ге жуық нысан н/е 1632,0 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарланған. Оның ішінде жергілікті маңызы бар 4 көпір және 1500-ден астам шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Сонымен қатар елді мекендердегі 1000 шақырымға жуық көше жөнделмек.
Бүгінде Түркістан-Шәуілдір бағытындағы жолдың 35 шақырымында қайта құру жұмыстары басталып кетті. Түркістан қаласына Кентау қаласы жағынан кіреберіс 24 шақырым жолды қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Нысан 2023 жылға өтпелі. Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Майдантал, Жүйнек, Бабайқорған, Үлгілі, Серт, Қарнақ, Шекербұлақ, Қарашық елді мекендерінен өтетін 100 шақырымға жуық облыстық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстары атқарылуда. Облыс әкімінің тапсырмасымен Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристтік нысандарға баратын жолдарды салу да қарқынды жүруде.
Өмірзақ Шөкеев өңірді дамытуда сапалы жол аса маңызды екеніне тоқталып, жұмысты өз уақытында әрі талапқа сай етіп атқаруды тапсырды.