Түркістанда алғашқы мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өтті

0
2 186

Жәрмеңке барысында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі түсіндіріліп, мемлекеттік қызметтерді алу бойынша ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетілді және 20-дан аса адам мобильдік ХҚКО арқылы электрондық цифрлық қолтаңба алды.


Түркістанда алғашқы мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өтті

Жаңа облыс орталығында өткен алғашқы мемлекеттік қызметтер көрсету жәрмеңке Ағымдағы жылдың 19 қыркүйегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті, Түркістан облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және Түркістан қаласы әкімдігі бірлесіп облыс орталығындағы «Есімхан» алаңында мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жәрмеңкенің мақсаты – жұртшылыққа мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ақпараттандыру, оның ішінде электронды түрде көрсетілетін қызметтерді кеңінен насихаттау, мемлекеттік орган өкілдері тарапынан салалық кеңес беру. Іс-шараға жер қатынастары, әділет, салық, ахаж, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сәулет және қала құрылысы, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ауыл шаруашылығы, ветеринария, көші-қон салаларының уәкілетті өкілдерімен қатар, халыққа қызмет көрсету орталығының жауапты мамандары тартылды.

Жәрмеңкені ұйымдастырушы департамент басшысының орынбасары Ғ.Асанұлы ашып, өз сөзінде - демократиялық құндылықтарға негізделген Қазақстан сыбайлас жемқорлықтың көріністерімен сыйыспайтынын және осы жолда мемлекеттік қызметтерді электронды түрде жүргізуге көшіру өзектілігін ашып айтты. Жәрмеңке барысында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі түсіндіріліп, мемлекеттік қызметтерді алу бойынша ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетілді және 20-дан аса адам мобильдік ХҚКО арқылы электрондық цифрлық қолтаңба алды.

Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі мен олардың қолжетімділігі, қызмет алушылардың құқықтары туралы насихаттық жұмыстар жүргізіліп, 1000-нан аса брошюралар таратылды. Сондай-ақ, аталған іс-шара барысында электрондық қызмет алу бойынша оқудан өткен азаматтарға арнайы сертификаттар тапсырылды. Ісшара жүргізілуіне ырза болған ақсақалдар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, баталарын берді.

Жергілікті медицина колледжінің студенттерінің жігерлі флэшмобы мен жас ақын Т. Тілеулиевтің жүрекжарды Арнауымен басталған жәрмеңке келушілердің көңіл күйін де шарықтатып, асқақ әсер сыйлаумен қатар цифрлық сауаттылық дағдыларын қалыптастырды. Осылайша, үш мекеменің бірлесе ұйымдастырған жәрмеңке жұмысы оң нәтижесін беріп, қатысушылар көңілінен шықты.