Облыста өндірілетін жалпы өңірлік өнімнің 20 пайызы агроөнеркәсіптік кешеннің үлесінде.
Түркістанда «Aq Altyn» ІІ халықаралық конференциясы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында Орта Азиялық сүт конгресінің «Aq Altyn» ІІ халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады. Халықаралық конференцияға Үндістан, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да мемлекеттерден қатысушылар келді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков конференцияның алғашқы пленарлық мәжілісіне қатысып, өңіріміздегі сүт өндірісінің көрсеткіштері мен мүмкіндіктері туралы баяндады.
– Өздеріңізге белгілі, әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Бүгінгі конференция сүт өндірісімен айналысатын кәсіпорындарды біріктіріп, өзара ынтымақтастықта жұмыс жасауға жаңа бағыттар белгілеп беретініне сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыста өндірілетін жалпы өңірлік өнімнің 20 пайызы агроөнеркәсіптік кешеннің үлесінде. Жұмыс атқарып тұрған 80 мыңнан астам агроқұрылым бар, бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызы.
Қазіргі таңда өңірдегі сүт өнімдерін шығаратын екі ірі фермада мал басы 400 бастан асады. Олар: «Бөрте Милка» және «Шаркул Фуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестері. Биыл тағы 2 инвестициялық жоба жүзеге асты. Жобалар түркиялық «Sezer», швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталды. Бүгінгі таңда Дания, Венгрия мемлекеттерінен өнімділігі жоғары «гольштейн» тұқымды 605 бас аналық ірі қара мал алынды. Осы жобалар арқылы жылына қосымша 12,6 мың тонна сүт өндіріледі.
Бұдан бөлек, 2025 – 2026 жылдары қосымша жалпы 2000 басқа арналған 3 тауарлы сүт фермасын іске қосу көзделген. Сондай-ақ 32 сүт фермасы мен 23 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі осы бағытта жемісті еңбек етіп келеді. Жылына облыста 410 мың тоннаға жуық сүт өндіріледі. Бұл республикалық көрсеткіштің 12 пайызы.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға жұмсайтын өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы іске қосылған. Облыста сүт өнімін қайта өңдеумен жалпы қуаттылығы 171 мың тоннаны құрайтын 25 шағын, орта және ірі кәсіпорындар жұмыс атқаруда.
Екі күнге созылатын конференцияда әлемдік нарықтағы өзгерістер, сүт өндірісінің даму бағыты талқыланып, технология жаңалықтары таныстырылады.