Түркістанда кәсіпкер әйелдер жасаған өнімдер жәрмеңкеге қойылды

0
225

«Мүгедектігі бар адамдар күні» де қоса атап өтілуде.


Түркістанда кәсіпкер әйелдер жасаған өнімдер жәрмеңкеге қойылды

Түркістанда әлеуметтік сала бойынша іс-шаралар легі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған іс-шаралар легі басталды. Сондай-ақ қазан айының екінші жексенбісіне белгіленген «Мүгедектігі бар адамдар күні» де қоса атап өтілуде.


Алдымен Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Qamqorlyq» жанұя орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «ІСКЕР АНА» кәсіпкер әйелдер әзірлеген өнімдер жәрмеңкесі өтті. Ерекше жиынға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов, Түркістан қаласы әкімдігі Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова, «Qamqorlyq» жанұя орталығы КММ-нің директоры Жібек Әшірханова қатысты.

Жәрмеңкеге облыстағы көпбалалы санатындағы аналар, мүгедектігі бар жеке кәсіпкерлер жасаған қолөнер мен зергерлік бұйымдары, түрлі тағамдар қойылды. Мақсат — жаны қайсар еңбек адамдарына қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке бейімдеу. Жәрмеңке соңында 22 анаға қатысып, белсенділік танытқаны үшін дипломдар табысталды. Желтоқсан айында үздіктер анықталып, жыл қорытындысымен дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталады.


Іс-шара аталған нысанда «Мұқтаждың мұңын бөліскен мейірімді мамандық» тақырыбында семинар-форумымен жалғасты. Түркістан облысының ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Төлбасықызы семинар-форумды жүргізіп, әлеуметтік қамту, отбасылық қарым-қатынас, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды ынталандыру, бизнеспен айналысу бойынша тәжірибе алмасты. Жиын аясында облыстың әр аудан, қаласынан келген 60 семинар-форум қатысушысына белсенділігі үшін алғыс хаттар табысталды.


Кәсіби мереке «Farab» кітапханасында «Еңбек» бағыты шеңберінде қайтарымсыз грант алып өз кәсібін ашқан азаматтардың дайын өнімдері жәрмеңкесі мен мерекелік концерттік іс-шараға ұласады.


Еске салайық, «Қамқорлық» жанұя орталығы — аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2023 жылдың қаңтар айында ашылған. Мұнда құқықтық және психологиялық кеңестер беріліп, кәсіп бастауға қолдаулар жасалып, әртүрлі бағытта курстар ұйымдастырылады. Бір терезе қағидасымен жұмыс жүргізетін орталықта 11 тегін оқу курсы бар. Атап айтқанда, наубайхана, кондитерлік, аспаздық, тігіншілік, сән салоны қызметтері, компьютерлік қызмет, қолөнер және тағы да басқа салаларды қамтып отыр. Ал фронт-офисте мемлекеттік бағдарламалар, гранттар бойынша кеңестер мен көмектер ұсынылады.


Азаматтарға арналған Үкімет, цифрлық қызмет, жұмыспен қамту бойынша қызметтер, «Qadam» білім беру жобасы, мемлекеттік қайтарымсыз грант, заңгерлік және психологиялық кеңестер, «Nәtije» әлеуметтік жобалары бойынша биыл жалпы 2260 қызмет көрсетіліп, 1400-ге жуық кеңес берілген. Жалпы 207 адам оқу курсынан өтсе, қазіргі таңда 98 тұрғын білім алуда. Қатысушылар қысқа мерзімдік курстар тігін, қолөнер, шаштараз, эстет косметологиясы, сән салоны қызметтері, балалар массажы, тәрбиеші және аспаз бағыт бойынша білімін жетілдіруде.


Өз кәсібін ашып, табысын арттырғандар саны 62-ге жетсе, 98 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. 286 адам демеушілер тарапынан қайырымдылық көмектерін алды. Атап айтқанда, өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға кешенді кеңес беру арқылы әлеуметтік қолдау қызметтерін көрсетті. Түркістан өңірінің Жетісай, Сарыағаш, Сайрам және Ордабасы ауданында отбасын қолдау орталықтарын ашу жоспарланып отыр.