Мереке аясында Түркістан қаласындағы «Локомотив» орталық стадионда қазақстандық «Ордабасы» және өзбекстандық «Пахтакор» командаларының ардагер ойыншылары арасында жолдастық кездесу өтті.
Түркістан қаласындағы Есім хан алаңында Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өзбек халқының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне арналған «Түркістан-түркі халықтарының рухани орталығы» атты мерекелік шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айтулы жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Өзбекстан Республикасынан арнайы делегация өкілдері, облыс әкімі мен облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым мен журналистер, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, өңірдегі этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына мүмкіндік жасауға бағытталған мерекелік шара қонақтардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуімен басталып, өзбек этномәдени бірлестігінің қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдары және ақын-жазушылардың таңдаулы туындыларының көрмесін тамашалаумен жалғасты.
Мерекелік шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев көпшілікті мерекемен құттықтап, елдегі ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, татулық пен тұрақтылықты сақтаудың маңызына тоқталды.
«Түркістан облысындағы 2 миллионға жуық тұрғынның 16 пайызын өзбек этносының өкілдері құрайды. Облыс аумағында 14 мектеп өзбек тілінде білім берсе, 130-дан астам мектепте өзбек тіліндегі оқу сыныптары бар. Одан бөлек, облыстық өзбек драма театры мен бірқатар басылымдар жұмыс атқарады. Бұл тұрғыда еліміз Конституциямызда көрсетілген міндеттерді толыққанды жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге керек. Бірлігіміз болса, біз бір-бірімізді сыйлаймыз. Бұған дейін осылай болған, бұдан кейін де солай болуға тиіс» деген болатын. Бірліктің қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған ауқымды міндет екенін ұғынуға міндеттіміз. Баршаңызға сәттілік, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиында ел бірлігін нығайтуға қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктерінің «Достық» қауымдастығының «Қоғам Белсендісі» төсбелгісімен марапаттады.
Салтанатты шарада өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар көпшілік қауымға концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ, мереке аясында Түркістан қаласындағы «Локомотив» орталық стадионда қазақстандық «Ордабасы» және өзбекстандық «Пахтакор» командаларының ардагер ойыншылары арасында жолдастық кездесу өтті.
Айтулы шара отандық және өзбекстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады