Өтініш білдірген көпбалалы аналарды жұмыспен қамтуға жәрдем беруді, кедейлік шегінен төмен отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 5-10 АЕК көлемінде материалдық көмек беру мүмкіндігін қарастырып, нақты ұсыныс енгізу тапсырылды.
ERNUR.KZ. Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде кеңейтілген мәжіліс өтті. Күн тәртібінде көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға көмек беру мәселесі қаралды, деп жазады облыс әкімі баспасөз қызметі.
Басқосуда әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр баяндама жасады. Мәліметіне сәйкес, 2018 жылы "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» Мемлекеттік бағдарламасы" шеңберінде 69,7 мың адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілген. Оның ішінде, 29,4 мың адам немесе 42,2 пайызы аз қамтамасыз етілген отбасылардың азаматтары қатарынан.
"2018 жылы облыс бойынша 34389 отбасыға (195 620 адам) жалпы сомасы 15 млрд. 674,5 млн.теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде, шартты ақшалай көмек 30702 отбасыға (179 801 адам) 14 млрд. 772,4 млн.теңге, ал шартсыз ақшалай көмек 3687 отбасыға (15 819 адам) 902,1 млн.теңге. Атаулы әлеуметтік көмекпен қатар аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетілуде. 2018 жылы аз қамтылған 4367 отбасыға (250 09 адам) 152,3 млн. теңгеге тұрғын үй көмегі көрсетілді. Жалпы әлеуметтік көмек алушылардың қатарындағы көпбалалы отбасылардың үлесі 50 пайызға жуық (16,5 мың отбасы)", - деді Е.Садыр.
Бұл жұмыстардың осы жылы да жалғасын табатынын айтқан облыс әкімінің орынбасары 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 207,5 мың адамға жоспарланып, атаулы әлеуметтік көмек бойынша қаржы қажеттілігі 13,6 млрд.теңге құрайтынын баяндады. Оның 50 пайызы көпбалалы отбасыларға арналған.
Мұнан соң, мінберге облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев, облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбековалар шығып, салалар бойынша атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды. Саладағы жетістіктермен қатар, шешімін табуды қажет ететін мәселелерді оңтайландыруда ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Мәжіліс соңын облыс әкімінің өзі қорытындылап, облыстағы көп балалы отбасылар туралы нақты ақпаратты дайындаудан бастап, оларға көрсетілетін мемлекеттік, әлеуметтік көмек түрлері сынды барлық қолдауларды анықтауды тапсырды.
"Өтініш білдірген көпбалалы аналарды жұмыспен қамтуға жәрдем беруді, кедейлік шегінен төмен отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 5-10 АЕК көлемінде материалдық көмек беру мүмкіндігін қарастырып, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын. Сонымен бірге, мектептерге біріңғай мектеп формасын енгізіп, оның ішінде көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды тегін формамен қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныс енгізілсін. Облыстық бюджеттен субсидиялау арқылы барлық оқушыларға 50 пайыз көлемінде арзандатылған тамақ ұйымдастыру, Тамақтану комбинаттарын құру бойынша да ұсыныстар әзірлеңіздер. Мұнан бөлек, барлық медициналық мекемелерге «Көпбалалы аналар кезексіз қабылданады» деген жарнамалар орнатуды, барлық ауруханаларда көпбалалы аналарға арнайы палата арнауды, сондай-ақ көпбалалы аналарды заң аясында ауруханаларға порталсыз және кезексіз қабылдану мүмкіндігін қарастыруды және санаторийлерде ем қабылдау үшін көпбалалы аналарға заң аясында жолдама бөлуді қарастыруды, сонымен қатар, қымбат медициналық қызметтерді көп балалы аналарға тегін көрсету бойынша мүмкіндігін қарастырып, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын", - деді Ж.Түймебаев.
Тапсырмаларының ішінде аймақ басшысы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға көпбалалы отбасылар тізімін анықтап, бірінші кезекте үй берілу бойынша ұсыныс енгізу жайын да ұмыт қалдырған жоқ. Сонымен бірге, аталған санаттағы аналардың қоғамдық көліктерде «жеңілдетілген бағамен жүру билеттерін» енгізуді немесе тегін тасымалдануын заңға сәйкес қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді де жауапты мекеме басшыларына жүктеді.