Түркістанда «Парасаттылық орталығы» ашылды

0
1 078

Орталықтың басты мақсаты - халықтың өзекті мәселелерін шешу бойынша шұғыл әрекет ету және азаматтардың құқығын жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың өзара бірлесе әрекеттесуін қамтамасыз ету.


Түркістанда «Парасаттылық орталығы» ашылды

Облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен Түркістан қаласында «Парасаттылық орталығы»ашылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бірегей жоба Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті және Түркістан қаласының әкімдігінің бастамасымен Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Адалдық алаңы»ұлттық жобасы аясында жүзеге асты. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев, белсенді қоғам мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Орталықтың басты мақсаты - халықтың өзекті мәселелерін шешу бойынша шұғыл әрекет ету және азаматтардың құқығын жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың өзара бірлесе әрекеттесуін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта «Адалдық алаңы» жобасы аясында облыста мемлекеттік қызметтерді алу барысында қолайлы жағдайды қамтамасыз ететін, сонымен қатар әкімшілік кедергілер мен бюракратиялық созбалаңды болдырмауға бағытталған мемлекеттік органдардың «сервистік» үлгіге (сервистік әкімдіктер) көшу процесі қарқынды жүргізілуде.

«Бүгін біз тағы бір елеулі оқиғаның куәгері болдық. Түркістанда көптеген ғимараттар ашылып жатыр. Бірақ бұл ғимараттың орны бөлек. Адалдық орталығына халық келіп өз мәселелерін айтып, тиісті құқықтық кеңестер алады. Бұл - Елбасымыздың талабы, Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асуы. Бұл мемлекеттік қызметтердің ашықтығына жаңа қадам болмақ. Сондықтан біз үшін бұл үлкен оқиға деп ойлаймын. Барлықтарыңызды құттықтаймын», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Нысанның ашылуы бұл қоғамдық қатынастардың трансформациялануының келесі қадамы бола отырып, мемлекет пен азаматтардың өзара әрекеттесуінің жаңа форматын айқындайды. Орталықтың қызметіне азаматтардың мәселелерін жедел әрі бірлесе шешу, өтініштерді қабылдау, тегін құқықтық кеңес көрсету, меморгандардың бірінші басшыларының қатысуымен қоғамдық қабылдаулар, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау, сонымен қатар азаматтардың өтініштері мен шағымдарын талдау негізінде жүйелі проблемаларды анықтау және нақты шешімдер қабылдау кіреді.

Жаңа үлгідегі нысанның жұмысына жергілікті билік өкілдерінің лауазымды тұлғалары, «Түркістан - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, адвокаттар және қоғам өкілдері тартылған. «Парасаттылық орталығы»заманауи дизайн үлгісінде «open space» форматындағы кеңсе ретінде жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар, кеңседе ыңғайлы күту аймағы, тегін wi-fi және мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға бейімделген жай қарастырылған. Жаңа жобаның жүзеге асуы билік пен халықтың арасындағы арақашықтықты азайтып, азаматтардың билік институттарына деген сенімін арттыруын қамтамасыз етеді.