​Түркістанда сәулеті ерекше жаңа мешіт салынады

0
1 547

Жаңа ғибрат орнында 5 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады.


​Түркістанда сәулеті ерекше жаңа мешіт салынады

Түркістан қаласына кіреберісте әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіт бой көтереді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Түркістан облысына сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Өзбекстан Республикасы өкілдерінің қатысуымен Ислам орталығының іргетасын қалады. Сәулеті ерекше Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуі шығыстық нақышта жүргізілмек. Мешіт алдағы 2020 жылы ашылады.

Тәуелсіздік күні қарсаңында қолға алынған жаңа жоба жан-жақты зерделенген. Әлем елдеріндегі озық тәжірибелер де ескерілген. Мешіт іргесінің берік болуы үшін өзіндік технология әзірленді. Түркі әлемінің рухани темірқазығы, қасиетті Түркістан қаласында салынатын жаңа ғибрат орнында 5 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады. Мешіт құрылысы заман талабына сай озық үлгіде жүргізілмек. Ислам орталығының жалпы көлемі – 20 000 шаршы метр.

«Бұл – бауырлас екі ел арасында жүзеге асырылып жатқан игілігі мол, ортақ жоба. Діни ғимарат Ұлы Жібек жолы бойы мен көне шаһарға келетін туристердің қызығушылығын арттыратын тағы бір үлкен нысаны болады. Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасының әлеуеті зор. Ынтымақтастығымыз күннен-күнге нығайып, екі ел арасын жақындастыра беретініне сенімдімін. Алланың рақымы үшін жасалған жұмыстың дүйім елге пайдасы да мол болсын. Бірегей жобаға қолдау көрсеткен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке ризашылығымды білдіремін», – деп ниеттестігін білдірді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Өзбекстан Республикасының ресми өкілдерінің мәліметінше, ауқымды жобаға құрылыс пен сәулет саласының ең үздік майталмандары атсалысады.

Мешітте мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, конгресс-холл, неке сарайы, 400 орындық медресе, кітапхана, асхана салынады.