Интерактивті залында Кенесары ханның қылышының түпнұсқасы бар.
Түркістанда туристерге арналған келбеті ерекше "Қабылдау орталығы" техникалық түрде жұмыс жасауда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
"Sembol Construction" компаниясы мен "Қазақстанның даму банкі" өкілдері "Қабылдау орталығында" болып, Түркістан шаһарында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар және туристік әлеуетімен танысты. Қаладағы туризм қарқынын жандандыру мақсатында және туристерге ыңғайлы жағдай жасау аясында бой көтерген "Қабылдау орталығы" рухани-мәдени аумақтағы басты нысан. Келушілердің назарын аударған ондағы құнды жәдігерлер мен тарихи кітаптар.
Бүгінде Түркістанда туристерге арналған келбеті ерекше "Қабылдау орталығы" техникалық түрде жұмыс істеп жатыр. Рухани шаһарға келген қонақтар енді Жамбыл облысы тарту еткен Қабылдау орталығына келіп, Түркістан жайлы толық ақпарат ала алады. Ресепшн бөлмесінде туристік орындар, тамақтану орындары, көрікті орындар және т.б арналған карта, журнал және үш түлде мәлімет беретін аудиогидтар бар. Мультимедиялық кабинетте Түркістан тарихынан сыр шертетін бейнероликтер, Қазақ хандығы интерактивті залында Кенесары ханның қылышының түпнұсқасы және басқа да жауынгерлік киімдер, Түркістан облысы аумағының тарихи жерлері көрсетілген интерактивті тақта қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, жуық арада қолданысқа берілетін Конгресс холл, Драма театр т.б орындарға билетті де осы жерден алуға болады. Келуші кез келген азамат тегін вайфай мен компьютер арқылы құжат рәсімдей алады. Сонымен қатар, коворкинг, кітапхана, кафетерий, кофехана, 3 сувенирлік дүкен, демалу бөлмесі, автотұрақ, экспресс автобустар және рухани-мәдени аумаққа саяхат жасайтын 10 электрокар бар.
Айта кетейік, бұл жерде тек туристік емес, жастарға арналған кештер мен конференц зал арқылы да дөңгелек үстелдер өткізуге мүмкіндік бар.