Жол құрылысы аяқталғаннан кейін мердігерлер бес жылға кепілдік береміз деп отыр.
Түркістан қаласында көлік кептелісінің алдын алу мақсатында кей көшелер кеңейтіліп, тағы біразы күрделі жөндеуден өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ inform.kz порталына сілтеме жасап.
Осылайша биыл қаладағы 30-дан астам көше жөнделеді деп жоспарланған. Мысалы, ұзындығы 4 шақырымға жуықтайтын Шекті тілеу, Жібек жолы көшелеріне ені 20 метрден асатын қос жолақ жол салынуда. Бұл жұмыстарға мемлекет қазынасынан қажетті қаражат бөлініп, 60-тан астам жұмысшы мен 16 техника жұмылдырылған. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшылығы жол салу технологиясының талаптарын қатаң ұстанып жатқанын айтады. Алдымен жердің ең бос қабаты тапталып, кейін бірнеше қабат қиыршық тас тасталуда. Құрылысына қыруар қаржы жұмсалған жолға екі қабат асфальт төселеді. Жол құрылысы аяқталғаннан кейін мердігерлер бес жылға кепілдік береміз деп отыр. Айтуларынша, асфальттың қалыңдығы 18 сантиметр болады.
Мұндай ауқымды жұмыстар қазір Түркістандағы Майкотов көшесінде де жүргізілуде. Онда да көше кеңейтіліп, асфальтталып жатыр. Құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталады деп жоспарланған.
Бұл туралы: «Негізгі жұмыстар күн жылынған соң наурыз, сәуір айларында басталады. Жолдарды реттеу үшін облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Ал, жергілікті бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаржы қаралды. Жол жөндеу жұмыстары қыркүйек, қазан айына дейін жалғасады», - дейді Түркістан қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Байдулла Оразбеков.
Айта кетейік, бүгінде облыс орталығына айналған Түркістан қаласында көлік саны көбейген. Соның салдарынан бірқатар көшелерде кептелістер орын алуда.