Түркістандағы жолақы: Халық үшін 40 теңге етіп ұстап отырмыз

0
1 246

«Жолаушы» компаниясының бас директоры Рахым Тәңірбергеновтың айтуынша, қазір қаладағы қоғамдық көліктердегі жол ақысы 40 теңге.


Түркістандағы жолақы: Халық үшін 40 теңге етіп ұстап отырмыз

ERNUR.KZ. Еліміздегі ең арзан жол ақысы – Түркістанда. Бұл туралы облыс орталығындағы жолаушы тасымалдаушы компанияның басшысы айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.

«Жолаушы» компаниясының бас директоры Рахым Тәңірбергеновтың айтуынша, қазір қаладағы қоғамдық көліктердегі жол ақысы 40 теңге. Ал, 5-сыныпқа дейінгі оқушылар үшін тегін.

Рахым Тәңірбергенов өз сөзінде: «2007 жылға дейін жолақы 10 теңге болып келген. 2016 жылға дейін 20 теңге болды. Одан кейін қалалық мәслихаттың депутаттары бізге 50 теңге қылып бекітіп берген. Алайда біз 40 теңгемен ұстап отырмыз. Себебі, қымбаттатсақ халықтың тұрмыстық жағдайына әсер етеді. Сондықтан біз халыққа «қанатымен су сепкен қарлығаш» сияқты аз да болса, қарасайық деп шештік. Егер күнделікті бір үйден бес адам автобусқа мінетін болса, біз жолақыны үнемдеу есебінен сол үйге 5-6 бөлке нан қалдырып отырмыз деген сөз», - дейді.

Бүгінде облыс орталығына айналған қаладағы көлік қатынасын реттеу «Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Серіктестік басшылары бағаны тұрақты ұстап, халыққа сапалы қызмет көрсетуді көздейтінін жеткізді.