Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Сарыағаш ауданының әкімі Токио олимпиадасының қола жүлдегерін қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сарыағаш ауданының әкімі әлемдік додада ел намысын қорғап, спорттың түрлі салаларында жүлдемен оралған спортшыларды қабылдады.
«Еліміздің және ауданымыздың атын шығарып, көк Туымызды биікке көтеріп, Әнұранымызды Азия құрлығының алдында шырқатқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздермен бүкіл аудан тұрғындары мақтанады. Алдағы уақытта да айтулы додаларда намысты қолдан жібермей, спорт саласындағы жетістіктеріңіз еселей беруіне тілекшіміз», - деген аудан әкімі Мұхит Отаршиев жылы лебізін білдіріп, спортшыларға өз атынан алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Айта кетсек, биылғы жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына биыл енген каратэ спорт түрінен жерлесіміз, Жартытөбе ауылдық округі, Құрама ауылының тумасы Дархан Асаділов қола жүлдеге ие болды. Бұл еліміздің каратэден алған ең алғашқы жүлдесі.
Сондай-ақ, 2020 ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен Игорь Лигай әлемнің үздік 50 төрешісінің қатарына еніп, төрешілікке ие болды. Сонымен қатар, Дубай қаласында 17-30 тамызда спорттың бокс түрінен өткен Азия чемпионатында 2003-2004 жылғы жастар арасында Абдіғалым Абдикарим, Сарибарова Айда және Жаңабаева Аружан рингте өздерінің мықтылықтарын дəлелдеп, қарсылас шыдатпаған жастарымыз Азияда үздік атанып, алтын медаль иеленді.
Одан бөлек, Қырғыстан Республикасында өткен Азия чемпионатында жекпе-жек спорт түрінен Нурмаханова Меруерт 72 салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанса, Өзбекстан Республикасында өткен волейбол спорт түрінен Даулетбаева Мумина Азия чемпионы атанды. Ал, елімізде өткен жағажай волейболы чемпионатының III-ші турында «Түркістан» командасының құрамасында ойнаған жас спортшымыз Ахмет Мейрамбек I орынды иеленді.