Апта бойы жалғасқан тартысты бәсекенің жеңімпаздары анықталды.
ҚР чемпионатында түркістандық боксшылар жүлделі орыннан көрінді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкентте әуесқой бокстан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионаты өз мәресіне жетті. Апта бойы жалғасқан тартысты бәсекенің жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдері белгілі болды.
Айта кетерлігі, биылғы чемпионат өте тартысты өтті. Дүбірлі додада жалпы Түркістан облысының құрамасы екі күміс, екі қола медальді еншіледі. 52 келіде Сәкен Бибосынов жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінсе, +91 келіде Нұрлан Сапарбай күміс алқаны мойнына ілді. Ал 81 келіде Әбдікерім Бекболат пен 91 келіде Абзал Құттыбеков қола медальді құрама қоржынына салды.
Ерлер арасында жалпы командалық есепте Маңғыстау облысы көш бастады. Маңғыстаулық боксшылар биылғы ел біріншілігінде екі алтын, екі қолаға қол жеткізген. Бір алтын, екі күміс және бір қола жүлде жеңіп алған Нұр-Сұлтан қаласының боксшылары медаль кестесінде екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, бір алтын, бір күміс және үш қола жүлдені иеленген Жамбыл облысының командасы үздік үштікті қорытындылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған қаржылай сыйлықтар мен кубок, медаль және алғыс хаттармен марапатталды.