Түркістандық ғалымдар телескоп жасап шығарды

0
522

Ғалымдар телескопты студенттермен бірге тексеруден өткізді.


Түркістандық ғалымдар телескоп жасап шығарды

Түркістандық ғалымдар телескоп жасап шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары «STEM және креативтілік» оқу-зертханасында 3D-принтерлер мен өзге де жабдықтардың көмегімен телескоп жасап шығарды.


Құрылғы оқу орны ғалымдары іске асырып жатқан «Инженерлік-техникалық салаларда STEAM білім беру негізінде студенттерді ағылшын тілінде даярлау үдерісін дамыту» гранттық жоба аясында әзірленді. Зерттеу тобы құрамында жоба жетекшісі Физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Шерзод Раманкулов, PhD Бақытжан Курбанбеков, магистр оқытушылар Серік Полатұлы, Нұрқожа Жақсылық, докторант Қажымұқан Келесбаев, магистрант Яхё Каримжанов сынды жас ғалымдар бар.


Зерттеушілер жасап шығарған телескоптың жұмыс істеу принципі мен құрылысына сәйкес бөлшектері толық 3D-принтерлерде басып шығарылды. Ғалымдар телескопты студенттермен бірге тексеруден өткізді. Нәтижесінде айдың анық кескіні мен айдың бізге көрінетін бөлігіндегі қара дақтар суретке алынды.


Сонымен қатар «STEM және креативтілік» оқу-зертханасында баламалы энергия көздері саласындағы білім берудің тиімділігін арттыру мақсатында бірнеше STEM стендтері іске қосылды. Күн және жел энергиясының физикалық сипаттамаларын зерделеуге мүмкіндік беретін стендтер оқу үдерісіне ендіріліп, апробациядан өтті. Арзан және қолжетімді түрде құрастырылған бұл стендтерде бірнеше зертханалық жұмыстарды орындауға болады.


Жобаны іске асыру барысында алынған нәтижелер өнеркәсіптік революцияның білім беру жүйелеріне оң әсерін тигізеді, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі өзге де өзекті мәселелердің шешімін іздеуге мүмкіндік береді.