​Отбасы бірлігінің ФОРМУЛАСЫ ҚАНДАЙ?

0
308

Отбасы деген – команда, ондағы әр адамның рөлі маңызды!


​Отбасы бірлігінің ФОРМУЛАСЫ ҚАНДАЙ?

фото: media.istockphoto.com

Бір қаннан жаралған бауырлардың бір-біріне қас болуы – жан ауыртар шындық. Бір табақтан ас ішкен абысындардың сырттан сөз қылуы – жүрекке тікен. Жеңге мен қайынсіңлінің арасындағы көреалмаушылық – отбасындағы жылылықты сөндіретін жасырын от.

Бұл – көп ата-ананың күнде көріп, үнсіз куә болып жүрген көріністер. Қашанғы осылай жалғаса береді? Неге тату-тәтті қарым-қатынаста өмір сүрмеске?

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біз отбасы ішіндегі татулық пен бірлікті небәрі үш-ақ жолмен нығайтудың қарапайым жолын ұсынуды жөн көрдік. Ол үшін әр отбасы мүшесі мынаны білуі тиіс:


Біріншіден

Отбасы – тек бір шаңырақ астында өмір сүретін адамдар тобы емес, ол – ортақ мақсат, ортақ жауапкершілік пен бір-бірін толықтыратын команда.

Мысалы, футбол командасындағы шабуылдаушы, қақпашы, қорғаушылардың әрқайсысының өз міндеті, рөлі бар. Сол сияқты әр отбасы мүшесінің өз жауапкершілігі, өз орны бар. Мәселен, әке мен аға – қорған. Олардың батылдығы үй ішіне сенім сыйлайды. Ана – отбасының жүрегі, ол – эмоционалды тұрақтылықты қалыптастырады. Әпке мен жеңге, қайынәпке – татулықты сақтаушы, кеңесші. Іні мен сіңлі, қайынсіңлі, келін – көмекші, қолдаушы күш. Балалар – болашақ.

Ал ата-әже, жезде, күйеу бала сынды қосымша рөлдер – ішкі тепе-теңдікті сақтауға үлес қосатын тірек бағандар. Бұның бәрі – бір команда.

Спорт команда құрамы бір-бірін тыңдап әрекет еткенде ғана жеңіске жетеді. Өмірде де дәл солай бір-бірін тыңдай білсе, сырттан әлдекім, мәселе "шабуылдағанда" қақпашының алдын жауып қорғағандай бірігуі қажет. Міне, сонда нағыз команда боп, бұндай отбасында жеңіс көп болады, қиындық пен қайғыны оңай еңсереді. Отбасыңыздың ұраны – әрқашан қорғау болсын. Бір-біріңізді бөтен адамдардың алдына жығып бермеңіз, керісінше қорғаңыз. Отбасы құпияларын қорғаңыз!


Екіншіден

Отбасы – эмоционалды байланыс, өзара қолдау мен жылы сөздер ұясы. Осы тұста кез келген команда мүшелері бір-біріне бәсекелес емес, қолдаушылар екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан абысын келінді, қайнаға күйеу баланы, жеңге қайынсіңліні сынауды, әлсіз тұсын өсектеуді тоқтату қажет. Бір-бірін жеңуді емес, көмектесуді ойлағаны абзал.

Нағыз командада бір адам сүрінсе, өзгесі демеу болуға дайын болады. Дана қазақ "Ағайын бір өліде, бір тіріде керек" деген. Расында жақын адамыңды жоғалтқанда сүйеніш боп қиындығыңды жеңілдететін, отбасың бір адаммен толыққанда да қуанышыңды бөлісетін - бауырларың. Сондықтан отбасыңыздың екінші ұраны – қандай жағдайда да қолдау болсын. Жаңа іс бастаса қолдаңыз, басына іс түссе оны жеңуге қолдау көрсетіңіз!


Үшіншіден

Отбасы – сот емес, тірек болар орта. Әрине әрбір команда құрамында түсініспеушілік пен келіспеушіліктің туындауы қалыпты жағдай. Алайда түсініспеушілік туындаса, “кім кінәлі?” деп емес, “бұл мәселені қалай шеше аламыз?” деп, бір жұдырық боп жұмылуды ойлаған жөн. Бірі қателессе, өзгелері түзетуге көмектескені жөн. Өйткені отбасылық қиындықтар – бұл жеке күрес емес, сол әулетке берілген ортақ сынақ. Ал оны тек бірлік пен түсіністік арқылы ғана еңсеруге болады. Мәселе шешімін табу үшін олар бір-бірімен ашық әңгімелесіп, эмоциялық жақын болуы қажет. Бір-бірімен үнемі байланыста болғанда олар үлкен мәселелерге жол бермейді. Яғни, келесі ұран – ұдайы көмек қолын созу, сөз жәрдемін беру болуы тиіс.


Әрдайым есіңізде болсын: Отбасы деген – команда, ондағы әр адамның рөлі маңызды. Әр адам өз рөлін жауапкершілікпен атқарғанда ғана отбасы шын мәнінде мықты командаға айналады. Ал мықты команда бірлігінің қарапайым формуласы: Қорғау, Қолдау, Көмектесу.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Бақытты некенің 5 алтын ережесі

Жұбайлар өміріндегі ҚАУІПТІ 6 дағдарыс