Қажетті аппараттар мен дәрі-дәрмек қорын жеткілікті деңгейде сақтауда.
Қазығұрттық кәсіпкер 10 дана өкпені жасанды желдету аппаратын сыйға тартты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында жергілікті кәсіпкер, «ICC» компаниясының директоры, Шымкент қалалық Жастар мәслихатының депутаты Абдулла Мухитдин Нұржанұлы аудандық орталық ауруханаға 10 дана өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратын тарту етті. Бұл қазіргі пандемия кезеңінде індетке шалдығып, өздігінен демала алмайтындарға және де өңірдегі денсаулық сақтау саласына үлкен көмек болғалы тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде Үкімет мүшелерімен, орган басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен видеоконференция режимінде өткізілген кеңесте: «Пандемия кезінде отандық дәрігерлердің тиісті тәжірибе жинағанын, бұл дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренді. Қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау» - деп айтып өткен болатын.
Бұл тұрғыда өңірдегі дәрігерлер де пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстарын пысықтап отыр. Аудандық ауруханалар қажетті аппараттар мен дәрі-дәрмек қорын жеткілікті деңгейде сақтауда.