Түркістандық жалғызбасты ана мал бордақылаумен айналысады

0
742

Бір жылқыдан 250-340 кг аралығына дейін ет алады.


Түркістандық жалғызбасты ана мал бордақылаумен айналысады

Кентаулық жалғызбасты әйел мал бордақылауды кәсіп еткен, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Кентау қаласы Жүйнек ауылдық округінің тұрғыны Қаһарова Ұғылпатша 2015 жылдан бері жылқы бағып, бордақылаумен айналысып келеді. Шаруа ана ең алдымен өз қаржысына 6 жылқы алып кәсібін бастаған.

Тынымсыз еңбек пен төгілген тердің арқасында бүгінде жеті қазынаның бірі болып саналатын жылқы малының санын 40-қа дейін көбейткен. Қазіргі таңда бір жылқыдан 250-340 кг аралығына дейін ет алады. Негізінен жылқыны Қостанай облысынан алдыртады. Ет бағытындағы асыл тұқымды жылқылар болғандықтан ерекше күтімді қажет етеді. Сол себепті шаруа күніне жылқыны күтіп баптауға 7-8 сағатын арнайды.

Ұғылпатша ананың балалары да отбасылық кәсіптен алшақ емес. Аналарына қолғабыс болып, ата кәсіптің қыр-сырын меңгеріп жүрген жайы бар. Тіпті, Ұғылпатша ананың үлкен ұлы ветеринар мамандығын оқып, әр жануардың денсаулығына айрықша күтім жасаудың үлгісін қолдануда.

Жылқы малына сұраныс өте көп дейді еңбекқор ана. Бордақыланған жылқы етін жергілікті тұрғындар алып келеді. Жалғыз басты ананың алдына қойған мақсаты көп. Оның бірі қораларын ұлғайтып, жылқы санын 100 ге жеткізу болса, енді бірі қымыз өндіруді қолға алу болып отыр.