Футбол біріншілігінде 30-ға жуық команда бақ сынауда.
Төлебиде әкім кубогы үшін жасөспірімдер арасында футболдан аудандық біріншілік өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ленгір қаласындағы «Жастық» стадионында аудан әкімінің кубогы үшін жасөспірімдер арасында футболдан аудандық біріншілік өтуде. Спорт сайысын аудан әкімі Төлеген Телғараев ашып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамдың денсаулығы мықты, әрі шыдамды болады. Денсаулық адамдың ең қымбат дүниесі. Сондықтан біз денсаулығымызды нығайту үшін спортпен шұғылдануымыз керек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында халықтың жаппай спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажеттігін айтқан болатын. Ауданда бүгінгі таңда балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында 3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері және 2 мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында құрылған спорт клубтар жұмыс атқаруда. Бұл спорт мекемелерінде 4509 жасөспірімдер спорттың 20 түрімен спорт үйірмелерінде шұғылданады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданда жастар арасында футбол ойынын дамытуды тапсырған болатын. Осы мақсатта, аудан көлемінде спорт инфрақұрылымдарын салу арқылы тұрғындар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануын арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта 2020 жылы Ленгір қаласының орталық «Жастық» стадионы «Жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 128 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ленгір қаласында және Көксайек, Киелітас, Алатау ауыл округтерінен 6 спорт алаңшалары пайдалануға берілді», - деді аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы.
Футбол біріншілігінде 30-ға жуық команда бақ сынауда. Жасөспірімдер арасында дене шынықтыру мен сауықтыру жұмыстарын енгізу және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап, зиянды жат әрекеттерге қарсы үгіттеу мақсатында ұйымдастырылған ойын өте қызықты әрі тартысты өтіп жатыр. Жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс осымен биылғы жылы екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ойын қатысушылары өздерінің біліктіліктері мен мықты дене шынықтыру дайындықтарын көрсетіп жатыр.