Қойнауы тарихқа толы киелі шаһар жыл басынан бері 300 мыңнан астам мейман қабылдап үлгерді.
ERNUR.KZ. Түркістанды көруге өткен жылы алыс-жақын шетелден миллионнан астам турист келген, деп хабарлайды ERNUR.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Қойнауы тарихқа толы киелі шаһар жыл басынан бері 300 мыңнан астам мейман қабылдап үлгерді. Келушілердің ең алдымен Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі, Ханаки, Әзірет Сұлтан, Арыстанбаб секілді тарихи нысандарға қызығушылығы жоғары. Cондай-ақ 70-ке жуық мәдени ошақтары бар.
Анадолы жерінен келген Хавва Авджу – Гирсун университетінің магистранты. Тарихи, әдеби кітаптардан қазақ елі, Түркістан туралы оқып білген. Аданадан арнайы ат арытып, күні кеше келген Хавва алған әсері керемет екенін айтады. Хавва Авджу, турист (Түркия):
– Түркістан шаһарын бұрын тек ғаламтор және кітап беттерінен көргенмін. Аданада жүріп, аңсарым қасиетті қалаға ауды. Қазақ жеріне келіп, саяхаттауға бірнеше жылдан бері оқталып, сәті енді түсті. Келгеніме, көргеніме өте қуанышытымын. Өйткені Түркістан – күллі түркі әлемінің рухани астанасы. Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқитын достарым шаһардың бай тарихын баяндап берді. Енді мен Түркиядағы құрбыларымды Түркістан топырағына табан тигізуге үгіттейтін боламын, –дейді.
Сала мамандарының айтуынша, көрші елдегі Самарқанд, Бұқараға көптеп ағылатын туристерді Түркістанға тарту жобасы қолға алынған. Сондай-ақ логистикалық және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр.