​Жаңа Түркістанның құрылысы басталды

0
1 435

Жүздесуде инвесторлар облыс орталығы Түркістан қаласын дамытуға өз үлестерін қосуға ниет білдіріп, «BI Group» компаниясы Түркістан қаласында 50 мың шаршы метрді құрайтын бизнес орталықтың жобасын ұсынды.


​Жаңа Түркістанның құрылысы басталды

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Түркістан облысына ресми сапарында бірнеше отандық компанияға Түркістан қаласындағы әкімшілік орталықта ғимараттар салуды тапсырған болатын. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қазақстандық инвесторлар «BI Group» және «Саутс-Ойл» компанияларының өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жүздесуде инвесторлар облыс орталығы Түркістан қаласын дамытуға өз үлестерін қосуға ниет білдіріп, «BI Group» компаниясы Түркістан қаласында 50 мың шаршы метрді құрайтын бизнес орталықтың жобасын ұсынды. Орталықта офистік бөлмелер, мәжіліс залдары, жерасты автотұрақ орналасатын болады. Ал «Саутс-Ойл» компаниясы 120 бөлмелік 5 жұлдызды қонақ үйдің сәулет жоспарлау эскиздерін таныстырды. Қонақ үй бөлмелері стандартты, люкс орындарынан бастап, ең жоғарғы үлгіде жабдықталған жайлы бөлмелермен, мейрамхана және концерт залымен қамтылмақ.
Ғимараттардың жобаларымен танысқан облыс басшысы инвесторларға эскиздік жұмыстарды жетілдіріп, құрылысты уақытылы бастау қажеттігін жеткізді.
«Әкімшілік іскерлік орталықта жаңа облыстық әкімдік, басқармалар мен департаменттер және конгресс орталық пен «Риксос» қонақ үйі ғимараттарының құрылысы қатар жүретін болады. Жұмысшылар 3 ауысыммен жұмыс істейді. Барлық ғимараттардың жоспарын толық әзірлеп, қазірден құрылысты бастау керек», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
«BI Group» компаниясы өкілдері жаңа әкімшілік іскерлік орталықта облыстық әкімдік пен аумақтық мекемелер ғимараттарының және Конгресс орталықтың құрылысын жүргізеді. Орталықта форум, саммит, концерт залдар орналасатын болады. Компания мамандарының айтуынша, құрылысы басталса, аталған барлық нысандар 1 жарым жылдың ішінде толық аяқталмақ.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі Ж.Түймебаев инвестициялық жобаларды іске асыруға инвесторлар мен әкімдік арасында бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеп, жұмыс тобын құруға тапсырма берді.