Жетісайдағы үш қыздың оқиғасына қатысты кімдер жазаланатыны белгілі болды

0
3 258

Тексеру барысында әкесінің бірге тұратын әйелімен (қыздардың өгей аналарымен) заңды некеде тіркелмегені және әйелдің бұл қыздардың заңды өкілі болмағаны анықталды.


Жетісайдағы үш қыздың оқиғасына қатысты кімдер жазаланатыны белгілі болды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жетісайлық өгей анаға «Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» және «Азаптау» бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2019 жылдың 12 сәуірінде жүргізілген тексеріс нәтижесінде аудандық полиция бөлімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 140-бабы «Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша қыздардың әкесіне қатысты және ҚР Қылмыстық Кодексінің 110-бабы «Азаптау» бойынша қыздардың өгей аналарына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Тексеру барысында әкесінің бірге тұратын әйелімен (қыздардың өгей аналарымен) заңды некеде тіркелмегені және әйелдің бұл қыздардың заңды өкілі болмағаны анықталды. Тергеу іс-шаралары барысында балаларға физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсету фактілері анықталды. Қазіргі кезде қыздардың өгей аналары уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Кәмелет жасқа толмағандардың денсаулық жағдайларын ескере келе, балаларды аудандық ауруханаға госпитализациялау туралы шешім шығарылды. Бүгінгі таңда балалармен дәрігерлер, психолог және психиатрлар жұмыс істеуде. Емдеуші дәрігерлердің айтуынша, қыздардың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық.

Ауруханадан шығарылғаннан кейін қыздардың қауіпсіздіктері үшін кәмелет жасқа толмағандардың істері жөніндегі аудандық Комиссияның шешімімен олар туған апаларына жіберілетін болады. Қыздардың туған апалары қазіргі таңда басқа баласының отбасымен тұрады.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы және істің басқа материалдарын дайындау нәтижелері бойынша қыздардың әкесі мен өгей аналарына қатысты іс Ювеналды сотқа жіберіліп, үкім шығарылатын болады.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты уақытылы анықтау бойынша жеткіліксіз жұмыс жасағаны үшін аудан әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің жетекшісі, мектеп директоры, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп психологтары, әлеуметтік пелагог және 3 сынып жетекшілеріне қатысты қатаң тәртіптік жаза қолданылатын болады.

18 сәуір күні педагогтар, ата-аналар, денсаулық сақтау саласы мен ішкі істер органдары қызметкерлері және Жетісай ауданының жұртшылығымен өткен кездесуде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету сұрақтары талқыланып, кәмелет жасқа толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жүйелік шаралар қабылданды.

Дереккөз: ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі