​Жетісайлық жастарға Елбасы мақаласы түсіндірілді

0
1 835

Кездесуге саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім, денсаулық сақтау, тарих салаларына арнаған ардагерлер қатысты.


​Жетісайлық жастарға Елбасы мақаласы түсіндірілді

Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласында орналасқан «Жетісай» және «Жанықұл» медициналық колледждерінде аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын түсіндіру, насихаттау мақсатында алқалы жиын болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Басқосуға Жетісай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіғаппар Исаев пен ардагер ұстаздар Тұрар Сәрсеков, Айтуған Досанов, өнер майталманы Сапаралы Серікбаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Рахила Басымбековалар қатысып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына кеңінен тоқталды. Жастарға адамгершілік, рухани құндылық, тәлім-тәрбиеге қатысты өнегелі сөздер айтылды.

Сондай-ақ, аға буын өкілдері мен жастар арасында Елбасы мақаласында айтылған түркі дүниесінің қара шаңырағында түркілер өркениеті жобасын қолға алу керектігі, ол үшін келер жылы Астанада дүниежүзілік түркологтар конгресі өтетіндігі кеңінен сөз болды.

«Сіздер Елбасының жас ұрпаққа қалай көп көңіл бөлетінін өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Бес әлеуметтік бастама ең бірінші, жастарды қолдауға, яғни білім гранттарын арттыруға және бизнесті шағын несиелеуге, студенттер жатақханасын салуға бағытталған. «Ұлы даланың жеті қыры» да ең алдымен сіздерге арналған. Сіздер өздеріңіздің мақтануға тұрарлық және ұялуға еш негізі жоқ нағыз тарихыңызды білулеріңіз керек», - деді Жетісай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіғаппар Исаев.

Сан ғасырлар сақталып, атадан балаға ауызша да, жазбаша да мұра болып беріліп келе жатқан бай тарихымыз тек деректер тізбегі күйінде қалмай, қалың жұрт қанық болу үшін тарихи фильмдер өндірісі жандана түсетіндігін, ертегілер, аңыз-әфсаналар, қиссалар мен эпостардың басын құрап, дала фольклорының антологиясын жасау, оған қоса, дәстүрлі музыкалық аспаптардың Ұлы даланың көне сарындары жинағын басып шығару жөніндегі Президенттің ұсынысын қолдайтындықтарын білдірген студенттер ұлттық құндылықтардың ұлықталатынына қуанышпен жеткізді.