Демеушілер мен еріктілер ауруханаға 210 оттегі балонын жеткізіпті.
Түлкібас ауданында коронавирус індетінің алдын алу шаралары жүйелі түрде іске асуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Соңғы бір аптаның ішінде Түркістан облысы Түлкібас ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен аудандық ауруханаға демеушілер мен ерікті тұрғындар есебінен 210 дана оттегі балондары жеткізіліп берілген. Сондай-ақ, ол балондардың оттегісі таусылған жағдайда Шымкент қаласындағы оттегі құю бекетінен толтырып келу үшін аудан әкімдігінен жүргізушісімен газель автокөлігі бөлініп, тәулік бойы қызмет етіп жатыр.
Атап өтсек, өткен аптаның өзінде Шерхан Мұртаза атындағы ВАКФ қайырымдылық қорының және Састөбе цемент зауытының демеушілігімен аудандық ауруханаға 2-дана кислородты концентратор табысталған. Дегенмен, демеушілер тарапынан жасалып жатқан игі жұмыстар осымен тоқтамайтын көрінеді. Өйткені алдағы күндері еріктілер тарапынан ауруханаға тыныс алу құрылғыларын жеткізу де жоспарланып отыр екен.
Сонымен қатар, барлық ауылдық округ, кент әкімдері өздерінің қызметтік көліктері мен жүргізушілерін ақ халатты абзал жандарға беріп, бүгінде 22 көлікпен бригадалар үйлерінде сырқаттанып жатқан тұрғындарды үйме-үй аралап ем домдарын жасауда. Осылайша Түлкібас ауданында аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен жаман індеттің алдын алу мақсатында жүйелі шаралар іске асырылуда.
Сондай-ақ, аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен кәсіпкерлер тарапынан тәулігіне 24 сағат тыным таппай жаман індетпен күресіп жатқан орталық аурухана дәрігерлеріне түскі астар да ұйымдастырылып жатыр.