Енді, мен де еркек емеспін бе?! Әйелдің аялағанын күтемін. Қаншама рет жанына батырып айттым да... Сәл пысығандай болады да, бір аптадан соң қайта баяғы болбырлығына салынады. Қыз күнінде осы сабырлылығына көңілім құлап, ұнатып едм. Жыл өткен сайын ол сабырлылық болбырлыққа, былқ етпес беғамдыққа айналып кетті. Қате менен бе деп қаншама ойландым да. Жоқ, өзінің бары сол екен...
фото: ostrnum.com
Өзімді де пысық әйелдердің қатарына жатқызбаймын. Аса қатты күйгелек те емеспін. Бірақ, жеңгем сияқты бейғам әйелді бұрын-соңды көрген емеспін. Мұнда мен ба салып ағамның әйелін жамандағалы отырған жоқпын. Бірақ соған қарап өзімді жинаймын, оның қателіктеріне қарап түзелемін десем болады.
Кейде ағама, немерелеріне қарап отырған анама жаным ашиды. Үйдің ыдыс-аяғын, көрпе-төсегі мен киім-кешегін түгендеп жүрген екеуі. Қашан көрсең базарға солар барады. Қала берсе, немерелерінің киімдеріне дейін анам мен әкем барып сатып алады. Жеңгемнің ана болып балаларына бірдеңе іздеп жүргенін көрмеппін. "Көрмейін десем көзім бар" дегендей, жақын тұрған соң төркіннің барлық шаруасын біліп отырады екенсің. Істеріне араласпаймын ғой, бірақ кейде оның өмірі маған рахат сияқты көрінетін. Ештеңемен ісі жоқ, баланы туады, оған қарайтын адам бар. Жұмыс істеп ақша табайын демейді, ағам кәсіпкер. Бәрін жеткізіп отыр. Есік алдындағы шаруаға әкем қарайды. Сиыр сауып, күбі пісіп жатқан жеңгем жоқ. Нанды жаппайды, дүкеннен сатып алады. Анам кейде сағынғанда тандырға нан жауып алады.
Отын-су дайындайтындай емес, суы үйдің ішінде, әжеханасна дейін кіргізіп берген. Құбырды бұраса, ыстық-суық суы атқылап тұр. Жеңгемнің шаруасы - шай беру мен тамақ істеу ғана. Тіпті, балалары да анасының ештеңемен ісі жоқ екенін біліп әжелерінен сұрайды бәрін. Ол да соған үйреніп қалған, енесіне сілтей салады. Қолы бос болса, ұйықтап жатады. Ара-тұра төркініне қыдырып келеді.
Бұлай тәптіштеуімнің де себебі бар. Төркініме барған сайын анамның қартайғанда сол үйдің жоғын түгендеп отырғанына, ұсақ-түйегіне дейін қарап отыратынына ашуланамын. "Неңіз бар, ендігі жерде дүние соған керек. Қайтесіз, алсын өзі! Ақшасын беріп жіберіңіз, базарласын ол да..." деймін. "Ой, талай рет көрдім олай. Бір жарытпайды. Сосын күйеуінен ұрыс естіп отырады. Қасыма ертейін, көрсетейін десем де былқ етпейді ғой, сабазың. Бәсе, құдағи әу баста айтып еді: "Қызымды пысық деп мақтай алмаймын, алған екенсіздер, енді бәрін өзіңіз үйретесіз. Бейғамдығы бар..." деп. Бейғам болғанда енді, шегі жоқ. Ойпырмай, бұл ертең ене болғанда не болар екен. Келін тәрбиелемек түгілі, өз балаларына қарай алмай отыр. Немерелерімді уайымдаймын..." деп күйініп отырады анам да.
Сонда да анамның сөзін "е, ол ене ғой, келінін жақтырмай қалатыны болады да" деп онша мән бермейтін едім. Ағамның бір теріс қылығын көріп қалмағанымда ойым өзгермей сол күйінде қала берер ме еді?!
Ауылдан күйеуімнің жолдастары келіп, бәріміз жастық шақты еске алып кафеге бардық. Ортасында би алаңы бар сауық орнында жас та, кәрі аралас көңіл көтеріп жүр. Біз де соның арасына кіріп кеттік. Қартайып тұрғанымыз шамалы, отыздан енді ғана асқанбыз ғой. Арамызда жаңа түскен келіншектер де бар. Дуылдатып көңіл көтеріп жатырмыз. Әзілі жарасқан құрдастар емеспіз бе, би де кетіп жатыр арасында.
Бір кезде сыртқа шығып келмек болып екі келіншек далаға қарай беттедік. Қатар орналасқан бөлек кабиналардың бірінен ағамды бір жас қызбен көріп қалдым. Алғашында танысымен отырған ғой деп онша мән бермей өткіп кеткен едім. Қайтар жолда ойландым, "ол қандай қызбен отыруы мүмкін?!". Ашық тұрған есіктен "Аға!" деп кіріп барғанымда оқыс оқиғаның үстінен түскендей күй кештім. Қыз шошып қалғандай болды, ағам абдырап кетті. Өзі сәл қызулау екен, сөздеріне қарасам біраздан таныс сияқты. Үйдегі анам мен әкемді, бауырларымды, жеңгемді ойлап ашуым келіп кетті. Қызға алара қараған шығармын, ол сөмкесін алып тайып отырды. Ағам менің алдымда мүсәпірдей күй кешіп отырды да қалды.
Бұрын да ағам екеуміздің арамызда сыр жатпайтын. Екеуміз ғана болған соң шығар, бала кезден бір-бірімізге дос-сырлас болып өскенбіз. Біраз уақыт басын салбыратып алдындағы сырасын ұрттап отырды да, ағынан жарылды. "Жеңгеңнің ең ақыры маған деген сезімі де қалмады. Тек ұйқыдан басқа ештеңені білмейді. Мейлі, балалы ғой деп осынша уақыт мән бермей келдім. Қыз күніндегі еркелігін сағынып еркелетейін десем, оныма да былқ етпейді. Сыйлық жасаймын, әдемі киімдер алсын деп дүкендерге апарамын. Ештеңеге зауқы жоқ. Бір жері ауыратын шығар деп дәрігерге де қараттым. Жоқ, сап-сау. Бірақ маған түк сезімі жоқ. Маған ғана емес, өмірге де қызықпай ма, қайдам. Балаларым да оған онша жуи бермейді. Білмеймін, анам болмаса не болар еді балалардың жайы?
Енді, мен де еркек емеспін бе?! Әйелдің аялағанын күтемін. Қаншама рет жанына батырып айттым да... Сәл пысығандай болады да, бір аптадан соң қайта баяғы болбырлығына салынады. Қыз күнінде осы сабырлылығына көңілім құлап, ұнатып едм. Жыл өткен сайын ол сабырлылық болбырлыққа, былқ етпес беғамдыққа айналып кетті. Қате менен бе деп қаншама ойландым да. Жоқ, өзінің бары сол екен... "
Мен ағама сол сәтте қатты ашуланып отырсам да, кейіннен бәрін түсінгендей болдым. Рас, басы жастыққа тие салысымен қор ете қалатын әйелдің қасында қай еркек жатқысы келсін?! Үйге келгенде оңаша сәтті пайдалана беріп бір-біріне сіл де болса сезіммен қарап қоймаса, жатын бөлмесі де ыстық ықыласпен толмаса, ерлі-зайыптының арасы суи бермей ме? Бес бала туып болбырап кеткен жеңгемнен ағам да суынып үлгерген екен ғой.
Ағамның орнына өз күйеуімді қойып көрдім. Быж ете қалатын ашуы мұрнының ұшында тұратын менің күйеуіме жеңгемдей әйел ешқашан тұрақтамас еді. Ашығын айтқанда, тұрақтатқызбас еді-ау. Жұмыстан келгенде ыстық шайы дайын болмаса тәбеті қайтып қалатын күйеуіме жеңгем сияқты "қазір..." деп бір сағаттан соң шәйнекті алып кірсем, ішпей қоятыны анық. Төсек мәселесін бұл жерде жазбай-ақ қойсам да болады. Ерінің қалауын орындамайтын әйелдің қасында ұзақ тұрақтамасы да анық.
Әрине, мұндайда басқа әйел алу немесе көңілдес табу шешім емес. Бірақ екінші жағынан ойлап қарасаң, еркекті сол жағдайға жеткізген де әйел болып шығады. Барын тауып, балаларына арнап, әйелін жұмыс істеткізбей бәрін жеткізіп отырған еркек бүгінде ерекше құрметтеуге лайықты деп ойлаймын. Әйтпесе, әйелі базар кезіп, қала аралап сауда жасап, еркегі оның тапқанын ішіп жатқан отбасыны да көріп жүрміз. Ауылда тұратын бір ағайынымыздың баласына: "Өзің оқымасаң да, оқыған қыз ал. Сол сені асырайды. Мұғалім болса, ауылдағы мектепке кіргізіп қоямыз. Қазір мұғалімдердің айлығы жақсы...", - деп қолынан түк келмейтін, темекі шегіп, той сайын тойып алып төбелес шығаратын баласына ақыл үйретіп отырғанын да көрдім өз басым.
Ал ондайлардың қасында менің ағамның әйеліне деген құрметі де, бабы да ерекше. Тіпті, өзімнің жағдайыммен де салыстыра алмаймын. Себебі, жеңгем тапқан бес бала менде де бар. Бірақ мен ол сияқты тоғызда тұрып, түскі екіде қайта ұйықтай алмаймын. Таңғы алтыдан басталған қарбалас менде түнгі он екілерде әзер аяқталады. Балаларымның бабы мен жұмысым тағы бар. Жұмыс істемесем, күйеуімнің айлығына өмір сүре алмайтынымыз анық.
Сол оқиғадан соң ағамнан отбасын бұзбайтыны туралы уәдесін алғанмын. Қартайған әке-шешемді уайымға салып, жеңгемді балаларымен қоса жылатқанын көргім келмейді. Тағы да біреуді мысал етті демеңіздер, бес баласына қарамай бөтен әйелдің соңынан кете барған еркектер те толып жатыр. Оның ақылға келгенін қаладым. Бірақ бір жағынан оған жаным ашыды. Таңнан қара кешке дейін балалары үшін тырбанып еңбек етеді. Бір тиынға екі тиынды қосып, солардың тарықпаулары үшін тынбайды. Бірақ шаршап-шалдығып үйге келгенінде алдынан жайраңдаған қылықты келіншегі емес, болбыраған,түкпен ісі жоқ, өмірге деген қызығушылығы жоқ көңілсіз әйел шықса, басқа жаққа аңсары аумай қайтсін?!
Ол да еркек қой! Оның да ағзасы қалайды төсекті.
Әрине, мен шағынып та отырған жоқпын. Тек салыстырмалы түрде әйелдердің жағдайын алға тартқым келеді. Еркекті қадірлемейтін әйелдер көбейіп баратыны да жасырын емес. Әйел болған соң ширақ болмаса, ең болмағанда, өзінің ойы мен бойына пысық болмаса, қиын екен. Өзіне ғана емес, күйеуіне де, балаларына да, тіпті, онымен бірге тұрып жүрген жандарған да.
Бұрын тым пысық келіншектерді ұнатпаушы едім. Жеңгеме қараған сайын мұндай бос болғаннан пысықай әйел болған жүз есе артық па деп ойлаймын. Қайта еріне "өйтейік-бүйтейік, анда барайық, мынаны істейік" деп ақыл тастап, кеңесіп, мүмкін болса, көмектесіп тұрған әйел жақсы екен ғой...
Надира М.