"Наурыз 2025" бағдарламасы бойынша қатысушылардың тізімі жарияланды

0
277

Барлығы 34 745 өтінім өңделді. Оның әрбір үшіншісі қатысушылар тізіміне енді.


ERNUR.KZ. Бүгін, 2025 жылдың 9 сәуірінде, 12 000 қазақстандық "Наурыз" бағдарламасының қатысушысы атанғаны туралы көптен күткен ақжолтай жаңалықты естиді.

Өтініш берушілер мен жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың толық тізімі Отбасы банкінің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) ресми сайтында жарияланған (https://hcsbk.kz/to-get-a-loan/nauryz/list/ ) .

Барлығы 34 745 өтінім өңделді. Оның әрбір үшіншісі қатысушылар тізіміне енді.

"Наурыз" бағдарламасына қатысушылар 2025 жылдың 10 сәуірінен 16 мамырға дейінгі уақыт аралығында Отбасы банкіне кредиттік өтінім беруі тиіс. Егер бағдарламаға қатысушы заем бойынша оң мақұлдау алса, онда оның баспана тауып, оны сатып алуға 6 ай уақыты болады.

Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша автоматты түрде жүргізілді.

Ұпайлар қалай есептеледі?

- салым бойынша сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;

- тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;

- балалардың болуы - 10 ұпай (балалар санына қарамастан);

- халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы - 10 ұпай;

- 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.

"Наурыз" бағдарламаларының шарттары:

  • алғашқы жарна: таза әрлеудегі тұрғын үй сатып алу кезінде 10%-дан және әрленбеген немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй сатып алу кезінде 20%-дан бастап;
  • тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6% дейін);
  • азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13% дейін);
  • несие мерзімі - 19 жылға дейін.
  • алғашқы нарықтағы оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бар тұрғын үй;
  • моноқалалар мен ауылдық елдімекендердегі қайталама нарықтағы тұрғын үй, бір жылға бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспауы шарт.

"Наурыз" бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:

Заемның ең жоғарғы мөлшері:

- Астана мен Алматы қалалары үшін - 36 млн теңгеге дейін.

- қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Сондай-ақ, бір несие шарты аясында сатып алынған бастапқы тұрғын үйді жөндеуге ақша алуға да болады. Жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-нан аспауға тиіс.

Бағдарламаға қатысушы Баспана маркет порталынан (otbasybank.kz) бастапқы тұрғын үйді таңдап, брондап, сатып ала алады. Бұл опция бағдарламаның жүзеге асуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.

Аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын әрбір нысан тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын келісу процесінен өтеді. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда осы нысанның құрылыс салушысымен 1 шаршы метрге бағаны белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.

2024 ж. «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша 10 249 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлаған.