Мәскеудегі Бирюлево Восточное ауданындағы көпқабатты үйдің 22 қабатының балконынан құлаған сегізінші сынып оқушысы тірі қалды.
ERNUR.KZ. Қазіргі таңда ол ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қыздың қалай құлағанын анықтауда, деп жазады Stan.kz.
Төтенше жағдай 29 қаңтарда Мәскеудегі Загорьевская көшесіндегі көп қабатты үйлердің бірінде болған.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің мәліметінше, сегізінші сынып оқушысы балконнан балконға көтерілуге тырысқан. Осы кезде қыздың қолынан құрбысы ұстап, сақтандырып тұрған. Бірақ қиын сәтте қызды құтқарып қалуға оның күші жетпеген.
Алайда биіктікке қарамастан, жасөспірім қыз ғаламаттың күшімен ауыр жарақаттардан аман қалған, қазір ол Филатов ауруханасында дәрігерлердің бақылауында екен.
Полицейлер мектеп оқушысын қауіпті әрекетке баруға не мәжбүр еткенін анықтап жатыр. Кейбір мәліметтер бойынша, қыз психиатрдың есебінде тұрған.