Сарапшылар салмақ пен жүру қарқыны арасындағы байланысты зерттеген.
ERNUR.KZ. Зерттеушілер COVID-19-дың ауыр түрін жұқтыру қаупі баяу жүретін адамдарда тез жүретіндерге қарағанда екі есе жоғары болатынын айтты. Ал өлімге әкеп соғатын жағдайлар басқаларға қарағанда төрт есе жоғары деген мәлімет жариялады, деп жазады Tengrinews.kz.
Сарапшылар салмақ пен жүру қарқыны арасындағы байланысты зерттей отырып, ұлыбританиялық биобанкідегі (40 жастан 69 жасқа дейінгі жарты миллион азаматтың медициналық және гендік мәліметтер базасы) 412 мыңнан аса адамның көрсеткіштеріне талдау жасаған.
Лестер университетінің жетекші маманы, профессоры Том Йейтс адамның әдеттегі жүру қарқыны аурудың нәтижесіне әсер ететінін айтты.
"Бұл баяу жүретін адамдардың салмағына қарамастан, COVID-19 жұқтыру кезінде қауіп әлдеқайда жоғары екенін көрсететін алғашқы зерттеу. Яғни, артық салмағы жоқ, бірақ баяу жүретін адамға қарағанда артық салмағы бар, бірақ тез жүретін адамдардың COVID-19 жұқтырғанда аурудың ауыр өту қаупі төмен", - деді Том Йейтс.
Профессор Йейтс жылдам жүретін адамдардың жүрек-тамыр жүйесі мықты екенін айтты. Бұл оларды сыртқы жағдайға бейімдеп, вирустарға төзімді етеді және аурудың нәтижесіне әсер етеді.