Соңғы апталарда Оңтүстік Африка Республикасы, Уганда, Намибия, Бразилия, Перу елдерінде ауруды жұқтыру жиілеп кетті.
ERNUR.KZ. Биылдыққа коронавирустан 1 миллион 880 мыңнан астам адам қайтыс болды. Жарты жылдағы адам өлімі былтырғы көрсеткіштен асып кеткен. Қазір вакциналау қарқынды жүріп жатқан батыс елдерінде эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастаса, Африка, Латын Америкасы мен Азияның кейбір мемлекеттерінде қауіп қайта күшейген, деп хабарлайды Хабар24.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша 10 мамырда биыл КОВИД-19 дертінен қайтыс болғандардың саны былтырғы көрсеткіштен асып кетті. Бұған Оңтүстік Америкадағы эпидемиологиялық ахуалдың ушығуы мен Азияның кейбір елдер әсіресе Үндістанда індеттің өршуі себеп болды. Сондай-ақ тез жұғатын вирустың жаңа мутациялары шыққан. Мәселен, Үндістанда ,,Альфа,, және ,,Дельта,, штамдары тарап кетті. Бұл британдық және үнді деп айтылып келген штамдардың ресми атауы. Әсіресе алғаш рет Үндістанда анықталған вирустың Дельта түрі мамандарды алаңдатып отыр. Тез таралатын бұл штамм жастарға да ауыр тиеді. Соңғы апталарда Оңтүстік Африка Республикасы, Уганда, Намибия, Бразилия, Перу елдерінде ауруды жұқтыру жиілеп кетті. Бұл вакциналау бойынша бай мен кедей елдердің арасындағы алшақтықты айқындап отыр. Мәселен, Африкада халықтың тек 2 проценті, ал Азияда 6 проценттен астамы екпенің бірніші дозасын салдырған. Салыстырып көрсек, Еуроодақта бұл көрсеткіш 40 проценттен, ал АҚШ-та 50 проценттен асқан. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары дабыл қағып отыр.
- Вакциналардың бірқалыпты бөлінбеуі вирустың таралуына жол ашты. Ал бұл препараттардың тиімділігін төмендететін штамның пайда болуына әкелуі мүмкін. Вакциналар айналымға шыққаннан кейін 6 ай өтісімен бай елдер оның 44 процентін қолданған. Ал табысы төмен мемлекеттерге тек 0,4 проценті жетті. Бұл бүкіл елге қауіп төндіреді, - дейді ДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың Дельта штамы Еуропада таралып, халықты қыспаққа алуы мүмкін деп ескертті. Мәселен, Ұлыбританияның барлық өңірінде КОВИД-19 дертін жұқтыру саны өсіп кетті. Әсіресе жастар арасында күрт көбейген. Дельта штамының таралуына байланысты ел билігі санитарлық шектеулерді алып тастау жоспарынан бас тартуы мүмкін.
- Коронавирустың үнді штамы қазір бізді қатты алаңдатып отыр. Тіпті бұл мутация иммунитеті мықты адамдарға да жұғады. Сондықтан сақтық шараларына бей-жай қарамаңыздар. Оның үстіне қазір қоғамдық іс-шаралар, түрлі фестивальдар мен спорттық турнирлер көп өтіп жатыр, - дейді ДДСҰ Еуропа аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге.
«Джи-7» саммиты қарсаңында Ұлыбритания премьер-министрінің кеңсесі Үлкен жетілік кедей елдерді вакцинаның 1 миллиард дозасымен қамтуға дайын екеін мәлімдеді. Атап айтқанда, АҚШ 500 миллион, ал Ұлыбритания 100 миллион вакцинаны бөлуді көздеп отыр.