ДДСҰ коронавирусқа қарсы тағы бір вакцинаны мақұлдады

0
466

ДДСҰ Bharat Biotech әзірлеген Covaxin вакцинасын пайдалануға рұқсат берді.


ДДСҰ коронавирусқа қарсы тағы бір вакцинаны мақұлдады

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдайларда Bharat Biotech компаниясының короновирусқа қарсы үнді вакцинасы Covaxin-ды қолдануға рұқсат берді, деп жазады Tengrinews.kz.

"ДДСҰ Bharat Biotech әзірлеген Covaxin вакцинасын пайдалануға рұқсат берді. ДДСҰ шақырған және әлем елдерінің сарапшыларынан тұратын техникалық кеңес беру тобы бұл вакцина ДДСҰ-ның COVID-19-дан қорғау стандарттарына сәйкес келеді, сонымен қатар, вакцинаның пайдасы әлдеқайда жоғары, бүкіл әлемде қолдануға болады деп шешті",-делінген ұйымның Twitter-дегі хабарламасында.

ДДСҰ 18 жастан асқан адамдар үшін төрт апта аралықпен Covaxin препаратының екі дозасын қолдануды ұсынады.

Клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінің нәтижелері бойынша Bharat Biotech вакцинасы айқын белгілері бар COVID-19-ға қарсы 77,8 пайыз тиімділік, аурудың ауыр түрлеріне қарсы 93,4 пайыз тиімділік, ал симптомсыз түрлеріне қарсы 63,6 пайыз тиімділік, "дельта" штамына қарсы да осындай ұқсас нәтиже көрсетті.

Covaxin 16 елде тіркелген, 50 мемлекетте вакцинаны мақұлдау процесі жүріп жатыр. Үндістанның өзінде компания төрт нысанда вакцина өндірісін жолға қойып, 1 миллиард доза "жылдық қуаттылыққа" жету үшін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Жүктілік кезінде препаратты қолдану туралы деректер әлі жеткіліксіз, зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.