Елдегі сумен жабдықтау компаниясы тұрғындарды сумен жабдықтау іркілістерінің электр энергиясы берілген соң да бола алатынын ескерткен.
ERNUR.KZ. Өзбекстанның Ташкент қаласы мен бірқатар облыстарда электр энергиясының өшірілуі салдарынан дүкендерде су және майшам бағасы күрт өсті, деп жазады ҚазАқпарат.
Елдегі сумен жабдықтау компаниясы тұрғындарды сумен жабдықтау іркілістерінің электр энергиясы берілген соң да бола алатынын ескерткен. Сондай-ақ, Өзбекстан Бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ел астанасында 22 жасқа дейінгі жастар арасында бокс жарыстары электр жабдықтау жүйесіндегі кідірістерге байланысты белгісіз мерзімге қалдырылды.
ӨР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінен қазіргі кезде Қарақалпақстан Республикасы мен Хорезм облысында электрмен жабдықтау жүйесі толық, ал Ташкент қаласы, Ферғана, Андижан, Сурхандария және Ташкент облыстарында жарым-жартылай қалпына келтірілгенін мәлім етті.
Бұған дейін хабарланғандай, сағат 11:59-да Орталық Азияның (Өзбекстан, Қырғызстан) энергожүйесінде туындаған елеулі апаттық теңгерімсіздікке байланысты «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік Қазақстан» 500 кВ электр қуатын транзиттеу үшін электр қуатының артуы орын алған.