Қайынжұрт тек жігіттерге қатысты айтылады.
фото: gameruns.ru
Біздің кейбір келіншектер келін болып түскен жұртын «қайынжұрт» деп атауды әдетке айналдырып алған. Кейбірі емес, тіпті басым көпшілігі солай атап жүр.
Ал бұрынғы аналарымыз, әжелеріміздің аузынан «қайынжұртым» деген сөзді естігенсіз бе?
Қыз бала ақ босағаны аттаған соң, келін болып түскен әулетті ешқашан қайынжұрт деп атамайды. Сол әулеттің адамдарын «қайынатам», «қайнағам», «қайынінім», «қайынәпке», «қайынсіңлі» деп атағанымен, жалпы әулетті, сол жұртты қайынжұрт емес, өз жұртым деп есептеген.
Ер адамда да, әйелде де жалпы үш жұрт болатынын жақсы білерсіздер. Алайда, олардың атауында өзгешеліктер барын біле жүргеніңіз жөн. Көбінесе әйелге қатысты үш жұртты атамай, жігіттің үш жұрты болады деп баса назар аудартуында да осы түйін жатыр.
Жігіттің үш жұрты:
1.Нағашы жұрты,
2.Өз жұрты,
3.Қайын жұрты болса, әйелдің де дәл осындай үш жұрты болады. Бірақ атауы бөлек.
фото: tugurulhan.kz
Әйелде:
1.Нағашы жұрты,
2.Өз жұрты,
3.Төркіні деп аталады.
Өйткені, қыз бала нағашыға – жиен, әке-шешесінің үйінде – қонақ, жатжұрттық болып саналатын. Қызды неліктен «жатжұрттық» дейді, демек өз жұртымдікі демейді, жат жұрттың адамы деп өсіреді. Ал қазір көп келіндер айтып жүрген қайынжұрт емес, демек ол өз жұрты. Күйеуінің өз жұрты, әйелдің де өз жұрты болып саналады. Себебі, қазақтың қисыны дұрыс, өз отының басы, бала-шағасы өсіп-өнетін, қайтыс болғанда сүйегі шығатын шаңырақ өз жұрты болмағанда не болмақ?
Әйелдің үш жұрты, нағашы жұрты, төркіні болып, үшіншісін «қайынжұрт» десе, өз жұрты жоқ, жалпақ тілмен айтқанда тұрақты мекені, паналайтын өз жұрты болмаған мүсәпір болмай ма?
Гүльвира Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
«КӨСЕГЕҢ КӨГЕРСІН!» - қыз балаға арналған тілек пе?