​«БӘЖІ басу», «АЛЫҚ малы» не үшін жасалған?

0
2 055

Ар-ұятқа өшпес таңба салуды "Бәжі басу" деп атайды


​«БӘЖІ басу», «АЛЫҚ малы»  не үшін жасалған?

фото: allfreighttrans.com

Қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай ел. Бұл – оның мәдениетті әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Н.Шайкенов: «Ұлт дәстүрі – заңнан биік», - деген. Демек, салт-дәстүрлі ел – мықты әрі тұғыры берік ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегені әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Ұлттық тәлім, салт-сана сабағы адамгершілік тәрбиесінің аса сенімді әрі ғажайып жол екенін көрсетті. Отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық, жоғары адамгершілік қасиеттер осы жол арқылы дарыған.

Батыр жазушы Б.Момышұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында: «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттың басында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы зор екеніне көзім жетті», - деп жазды. Олай болса, әдет-ғұрып – қазақ халқының мызғымас заңы деп қабылдаған жөн.

Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды адастырмас сара жол. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді.


«Бәжі БАСУ» жаза түрі

Қызған темір, адамның май құйрығына басылады. Бұл - қылмыскердің ар-ұятына басылған өлмес, өшпес таңба. Мұны «бәжі басылған» деп атайды. Бұл сирек оқиға болғандықтан, қылмыскердің аты елден-елге тарап, әңгіме етіледі. Бұдан кейінгі ұрпақтарына да зор таңба. Нағашы-жиендер арасында да айтылып, күлкі болады.

Арқада Тұрлыбай деген беделді кісі бір әдепсізді тәртіпке шақырса, ол айтқыш шалдың өзіне тиісіпті. Сонда шешен қарт: «Шырағым, мен сені қара ауыз дедім бе? Нанжарым (жарымес) дедім бе? Құйрығына бәжі басылған дедім бе? Байдың тоқалы тепкен дедім бе?» - деп, әлгі жөнсіздің барлық масқарасын тізіп, жер қылыпты. Мұны естіген би, бұзыққа жиырма қамшы дүре бұйырыпты. Жазаны орындау үшін оны жығып салып, шалбарын шешкенде, шынында, оның құйрығына бәжі басылған болып шығыпты.


фото: dzen.ru

АЛЫҚ пен АЛЫМның айырмасы

Ерте кезден-ақ елдер арасында қақтығыс, жауласу, соғыс болып тұрған. Мұндай шайқастарда, әрине, бірі жеңеді, бірі жеңіледі. Осыдан кейін екі ел бір тоқтамға, бітімге келеді. Бұл жәй бітісу, келісу емес, жеңген жақтың өктемдігі, жеңілген жақтың қол қусырып, тізе бүгуі, ұрыс зардабы, одан келген шығын, шеккеп жапа. Осылардың бәрі ескеріліп, есептеледі. Міне, осыдан кейін екі елдің сөз ұстар адамдары шешімге келеді. Осында алық мәселесі қаралады. Алық – шығын мөлшерінің жеңілген жақтан алынатын құны. Алық мал, мүлікпен есептеледі. Жеңілген жақ мұны төлеуге міндетті.

Халықта алым деген де бар. Дәстүр бойынша ол – қыз ұзатарда құдалардан алынатын кәде. Демек, алық пен алым екі түрлі мағынада қолданылады.

«Бәжі басу» мен «Алық малынан» мейлінше сақтанып, аулақ жүруге тырысқан адам өзін жамандықтан тыйып, өзгелерге кесірін тигізбей жүруге дағдыланған. Бұл өз кезегінде тәрбиенің бастауы. Адам алдымен өз өзін тәрбиелей білсе, заман мен адам тыныш болар еді.

Қазақтың осындай салттары да тұрмыстық қажеттіліктерден туындағанын айқын ұға аламыз.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Тауық бар жерге ҮШ «БӘЛЕ» жоламайды


«Бес» санының қасиеті