"Көсеге" деген не? Ол қалай "көгереді?"
фото: e-history.kz
Көсегесі көгеріп, Кең өткелі көл болды,
Асты күміс, үсті ырыс
Таудан алтын сайдан мыс,
Телегей-теңіз көл болды. (Жамбыл)
Әдемі тілек, әсем бата. Бұл батаның мағынасы көпшілікке кең ұғымда таралғаны бойынша, «өсіп-өнсін, ұрпағы жайылсын» деген мағына екенін көпшілік біледі. Бірақ дәл осы «көсеге» деген не? Ол қайдан шыққан ұғым? Көсеге қалай көгереді?
Осы сұрақтардың жауабын тәптіштеп сұрағанда жауап таба алмай, кідіретіндер аз емес.
Сондықтан, ата-бабамыз қолданған ұғымдар, салт-дәстүрлер, ырымдар мен тыйымдар, наным-сенімдері де біздің тамырымыздан ажырап қалмауымызға мұрындық болып тұр.
Ұлттық құндылықтарымызды өзіміз көтермесек, басқа ешбір ұлтқа қажет емес. Ұлттық болмысымызды жоғалтпай, ұлттық рухымызды құлатпай ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртайық.
Әдетте үлкендерден «көсегең көгерсін» деген тілекті жиі естиміз және оны «дегеніңе жет, ойыңдағың орындалсын» мағынасында түсінеміз. Бұл ризашылық ер, әйел деп бөлінбей тегіс жұртқа да айтыла береді. Анығында көсеге біз ойлағандай дүйім елге емес, бойжеткенге арналған ескі ғұрыптан хабар беретін сөз екен, яғни абыроймен бойжету деген мағынаға саяды.
фото: vk.comҚазақта бұрыннан тәрбиеге, әсіресе қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Қыз бала он екі жасқа толғанда оны ата-анасы киіз үйдің оң босағасынан арнайы орын дайындап, оның көрпе-төсегін көлегейлеп тұратын арнайы шымылдық құрған. Бұл дәстүрді қазақта қызды оң жаққа шығару деп айтады. Қыздың босағаның оң жағынан бөлініп тұрған бөлмесін «қосаға» деп атаған. Ал сол қосағаны бөліп тұрған, шымылдық, яғни пердені «көсеге» деп атаған.
Көсегенің екі мағынасы бар. Бірі - құт, береке, өмірдің жақсы, мәнді, сәнді болуын тілеу болса, екіншісі - теңіздің, айдын көлдің табанын жал-жал етіп көтеріп тұратын су түбінің шөгіндісі, яғни дөңес арал деген сөз.
Қазіргі кезде қыз бала бойжете бастағанда ұл балалардан бөлектеніп, арнайы өз бөлмесін дайындайды ғой. Ал бұрынғы кезде көсеге қыз баланың балиғат жасына толғанын білдіріп тұратын және оның жеке кеңістігі болып саналатын бұйым болып саналған.
Қыз бала бойжетіп, ұзатылған кезде оның жасауымен қосып, осы көсегесін де бірге қосып беріп жіберген. Сондықтан, қазақтың «көсегең көгерсін!» деген бата-тілегі дәл осы дәстүрден шыққан.
Осындайда қазақ қызының абыройлы бойжетуін көксеген «Көсегең көгерсін!» деген ақ тілеу көбірек айтылса дейсің.
Гүльвира Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: