"Құдағи сырғаны" тағудың уақыты бар.
фото: islam.kz
Бүгінде қазақтың салт-дәстүрлері деп толықтай хабары болмаса да, мән-мағынасын аса түсіне қоймаса да «қазақтың салты екен» деп көргенін жасап, шама-шарқы келгенше дәстүрге сай той өткізіп жатқандарды білеміз. Барлығымыз да көріп жүрміз.
Бірақ, әрине әрбір салт-жоралғының өз орнымен, керекті жерінде қолданылғаны жөн, дәстүрдің мағынасы да осындай кезде ашыла түседі.
Бір-бірінен қалмауға тырысып, ата-бабамыздың салты деп қарызданып-қауғаланып, құда-құдағиына сый-сияпат жасап жатқан жандарды «балаларының бақыты үшін жасап жатыр ғой» деп көз сүйсініп қалатыны да өтірік емес.
Дегенмен, «көрпеңе қарай көсіл» деген сөз де бар қазақта. Бұны ескеріп жатқан жандар аз. Әрине, әркім де ұл-қызының қуанышын атап өткісі келеді, сол үшін абыроймен той жасап, қатарынан қалғысы келмейді. Бір жағынан, ұзатылып бара жатқан қызының барған жерінде жүзі төмен болмауы үшін ата-ана байғұс қолындағы барын шашады. Жігіт жақ та дәл солай, «ұлымның қуанышынан немді аяйын?» деген ой шығар бәлкім.
Қыздың артынан апаратын жасауды, құда-құдағиға, басқа да туыстарына арналған сый-сияпат, алтындар айта берсең, біраз шығын екені тағы бар.
Бірақ тойда құдағилар бір-біріне тағылатын алтынды «Құдағи сырға, құдағи жүзік» деп шатасып жүр. Заманға сай, бұл салтымыз да өзгеріп жатқан шығар. Алайда, «құдағи сырғаның» шығу тегі әріде жатыр.
Құдағилар бір-бірімен жаңадан құдаласып, бір-біріне алтыннан әшекей тағып, сыйласып жатқаны да дұрыс қой. Бірақ той үстінде емес, жастар отау құрғаннан кейін, арада кемінде бір жыл өтіп, одан кейін келін алған жақ қыздың шешесіне арнайы «құдағи сырғасын» тағу үшін арнайы жиналған.
фото: sunna.kz
Деректерді іздестіре келе, әлеуметтік желіден мына жазбаға көзім түсті.
Біріншіден, «Құдағи сырға» тойда тағылмайды. Қазіргілер салтты білмеген соң, бұзып жүр. Екіншіден, оны тек қыз алған жақ қана тағу керек. Бұрын біздің кезімізде «Құдағи сырғаның» тағылу уақыты бір жылдан кейін болатын. Неге? Оның себебін мен сендерге айтайын.
Қыз ұзатылған соң енесі оның тәлім-тәрбиесіне, ісіне бір жыл қарайды. Сол аралықта келін өзін тек жақсы жағынан көрсете білсе ғана енесі құдағиына разылығын білдіріп, «Құдағи сырға» тағатын. Онда да оны қазіргідей тойда тақпайтын.
«Құдағи сырға» тағудың өз жоралғысы бар. Ол үшін арнайы құдалар жаққа «Құдағи сырға» бара жатыр» деген хабар жібереді. Құдалар жағы қатты дайындалмаса да, бір қойын сойып, жақын-жұрағаттарын шақыратын. Жігіт жақтан келген 2-3 әйел құдағиға жақсы қыз тәрбиелегені үшін алғыстарын білдіріп, сырға тағады.
Ауылда «Құдағи сырға» тағылған ананың жүзі жарық, абыройы асқақ болады. Ал тағылмаса, ұят саналатын. Ондай жағдай болмас үшін біздің кезде тұрмысқа шыққандар «Төркінімді ел-жұртқа масқара етпейін, шешеме «Құдағи сырға» тағылсын» деп бір жыл бойы өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысатын. Сөйтіп жүргенде ерке қыздардың өзі жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, әдепті, пысық болып шыққанын білмей қалатын».
Иә, «Құдағи сырғаның» жөні осындай екен. Қазір үйленген күні-ақ той жасап, бір-біріне сырға тағып жатқан құдағилар бар. «Құдағи сырғаның» мәні кеткен соң кейбір келіндердің ененің дегеніне көнбей, оның соңы шаңырақтың шайқалуына ұласып жататыны да сондықтан шығар?!
Бәлкім, шынында да осы салтты өз жөнімен орындаған да дұрыс шығар. Сонда нағыз қазақ үрдісін жалғаған болар едік.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
Қазір «КҮЙЕУДІ САБАП» тұру керек пе?
Жиендер нағашыларына қандай «ЕРКЕЛІК» жасай алады