​Ұл бала мен қыз баланың ТҰСАУЫН КЕСУде айырмашылық бар

0
1 661

Бірақ, қазақтың «тұсау кесері» несімен ерекшеленуі тиіс?


​Ұл бала мен қыз баланың ТҰСАУЫН КЕСУде айырмашылық бар

фото: YouTube

Ежелгі қазақ дәстүріне сүйенетін болсақ, ұл мен қыздың тұсау кесу рәсімінде жер мен көктей ерекшеліктер бар екен.

Мұны қазіргі кезде аса елей қоймайды. Оның үстіне, кірме дәстүрлер де араласып кеткен. Тұсауы кесілетін баланың жолына ақ жайма төсеп, тұсауы кесілген соң, үлкендер жетектеп сол жайманың үстімен баланы жетектеп, алдына қойылатын әр түрлі заттардың біріне таңдай жасатқызады.

Бұл кәріс ұлтының «асянди» деп аталатын мерекесіне ұқсап барады. Корей халқы баланың бір жасқа толу күніне қатты назар аударған. Мереке құрметіне арнайы жібек матадан арнайы киім (ханбок) тіктірген. Туған күн мерекесінде баланың болашағын болжау рәсімі жасалған. Үстел үстіне күріш, кітап, қызыл үрмебұршақ, чартаги (кеспе), қаламсап немесе қарындаш, қайшы, жіп, ине, пышақ, ақша қойған. Бұл рәсімнің мақсаты сәби қай затты таңдаса, оның болашақ мамандығы сонымен байланысты болмақ. Мәселен бала пышақты таңдаса әскери адам, ал қыз бала инені таңдаса, ісмер болады. Егер бүлдіршін ақшаны алса, табысты, ал кітапты таңдаса ғалым болады деп болжайды.

Тап қазіргі кезеңде біздің «тұсау кесер» тойларында болып жатқан жағдай осындай. Ақшаны таңдаса бала дәулетті, домбыраны таңдаса өнер адамы, кітапты таңдаса оқымысты болады деп болжап жатады.

Бірақ, қазақтың «тұсау кесері» несімен ерекшеленуі тиіс?

Қазақта баланың тұсауын кесер алдында жолына ақ мата төсеп, оның өмірін шектемейді. Сонымен қатар, баланың тұсауын кесерде «күрмеуіңді шешейін, тұсауыңды кесейін» деген әбден жаттанды болып, құлаққа сіңіп қалған сөз бар. Түбіне үңілсек, шынында да баланың тұсауын қалай кесу керектігін айқындап тұрғандай.

Өйткені, «күрмеудің» не екендігіне ешкім тоқталмайды. Күрмеуді тұсау кесердің алдында баланың әкесі киіз үйдің оң қанатына қазық қағады. Мұның мәні «балам болаттай берік болсын, қазықтай қатты болсын» деген ниет. Содан кейін сол қазыққа 2-3 метрдей арқанның бір ұшын байлап, екінші ұшын баланың оң аяғына байлайды.

Тойға келген қонақтардың жүгіре алатын кішкентай балаларын жүгіртіп, жарысқа жібереді. Межелі жерге кім жылдам жетіп, қайта айналып байлаулы тұрған қазыққа жетсе, сол бала күрмеуді шешеді. Ондағы мақсат, өмірге деген құштарлық, алға ұмтылыс, алға оза шауып келген баланың бойындағы қызуқандылық тұсау кесілгелі тұрған баланың бойына дариды деп сенген. Екінші жағынан, «ұлым қаншалықты алысқа, жыраққа кетсе де қайтып айналып табатын қазығы болсын, өз Отанына, өз шаңырағына оралсын» деген ырым.

фото: kaz.tengrinews.kz

Күрмеуі шешілген баланың аяғына ақ пен қара жіптен есілген ала жіпті байлап, тұсауын кеседі. Ала жіптің мәнісі көпшілігіміз айтып жүргендей, «біреудің ала жібін аттамасын» деген сөз емес, өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады ғой, сол ақ пен қараны тең өтсін деген түсінік. Содан кейін ала жіпті байлағанда айқастырып байламайды, жәй ғана екі аяғының сыртынан орап байлайды. Ал тұсауды өткір пышақпен кеседі, ұл баланың тұсауын кескенде «ұлымның жүзі жарық болсын, жоғары қарап басын тік көтеріп жүрсін» деген ниетпен пышақты жоғары қарай кеседі.

Қыз баланың тұсауын керісінше, пышақтың жүзін төмен қаратып кескен. Қыз әдепті, ибалы, үлкендердің, ер кісілердің жүзіне тік қарамай ұяң болсын деген мақсат.

Кез келген қыз баланың тұсауын да кесе бермеген бұрын. Негізінде қыз баланың тұсауын кесудің де өз орны болған. Үйдегі жалғыз болса немесе бойында дерті болса ғана ырымдап тұсауын кескен. Сол кезде қыздың бойындағы дерді кесілген тұсауымен бірге кетеді деп сенген.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қуанышқа сойылған малдың ТӨРТ СИРАҒЫН бірге аспайды


Екі баланы қатар сүндеттегенде жасалатын ЫРЫМ бар