«Құпия шаруада» еркектің қуатын арттыратын құпия жаттығу

0
29 876

Жатын бөлмедегі, жарыңыздың алдындағы міндетті мінсіз атқарғыңыз келсе; жұптық қатынасты жоғары деңгейге жеткізгіңіз келсе - «құпия жаттығуды» жасай жүріңіз.


«Құпия шаруада» еркектің қуатын арттыратын құпия жаттығу

фото: ашық дереккөзден

Жатын бөлмеде жарыңыздың алдындағы міндетті мінсіз атқарғыңыз келе ме? Жұптық қатынаста қазіргіден де жоғары деңгейге өту ойыңызда бар шығар. Ендеше, жұбайлар жарасымына үлкен ықпал тигізетін «құпия жаттығуды» жасай жүріңіз, азамат.

Бұл жаттығу қазір соншалықты құпия да болмай қалды. Кегель жаттығуы екенін өзіңіз де біліп отырған шығарсыз. Ол әйелдерге ғана әсер етеді деп кім айтты? Иә-иә, сізге де пайдасы бар.

Оны жасау үшін алдымен «махаббат нүктесі» аталып кеткен Кегель бұлшықетін тауып алу керек. Кегель бұлшықеті жамбас қуысының түбінде орналасады. Несеп-жыныс жолының жұмысына, жыныстық мүшедегі қанайналымға, ішектердің босаңсуына жауап береді.

Кегель бұлшықетін кіші дәрет алу кезінде дөп басып таба аласыз. Ол үшін дәретті үзіп-үзіп жіберіп, оны тоқтату үшін қай бұлшықетті қысқаныңызға мән беріңіз. Осы бұлшықетті есіңізге сақтап алыңыз, өйткені, сізге дәл соны жаттықтыру қажет болады. Егер кіші дәрет кезінде оны тоқтата алмасаңыз, Кегель бұлшықеті мүлдем әлсіз деген сөз. Сізге жаттығуды тез арада бастау керек. Ол үшін:


«Махаббат нүктесіне» күш салып барынша жиырып, қатайтыңыз. 3 секундтан соң қайта босаңсытып, тағы 3 секунд күтіңіз. Міне, осы әрекет жаттығудың 1 циклы саналады. Тәулігіне осы циклды 20-30 рет қайталау қажет. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Сондықтан, күн санап қайталау санын арттыра беріңіз. Екі апта үзбей жасасаңыз, 50 ретке жетіп қаласыз.


Бастапқыда сіз Кегель бұлшықетімен бірге оның айналасындағы жамбас, бөксе, қарын бұлшықеттерін де қоса жиыруыңыз мүмкін. Бұл қалыпты да. Әйткенмен, «махаббат нүктесін» өзге бұлшықеттерден бөлек жаттықтыруды өзіңізге мақсат етіп межелеңіз. Тек сонымен жұмыс жасаңыз. Сонда ғана әсері күшті болады.


Сіз Кегель жаттығуын жақсы игеріп алдыңыз делік. Бірақ, шыңына әлі шыққан жоқсыз. Енді бұлшықетті жиырып ұстау уақытын 10 секундқа жеткізу жолында әрекет етіңіз. Ал, босаңсытқанда 4 секунд қана демалдырасыз. Осы 10-4 секундтық циклды бір күнде 70-100 рет қайталауға жеткізу керек. Сонда ғана жаттығуда да, жатын бөлмеде де нағыз «жеңімпаз» боласыз.


Біз неге бұл жаттығуды «құпия» деп атадық? Құпиялылығы сол — оны сіздің жасайтындығыңызда және қай уақытта жасап үлгергеніңізде. Иә, оны жасайтыныңызды өзгелер білмеуі керек. Әсіресе, әйеліңіз. Ол білуге тиіс нәрсе — тек қана нәтиже. Бір жақсысы, жаттығуды жасайтыныңызды құпия ұстау оңай. Оны кез келген жерде, кез келген уақытта, кез келген қалыпта жасауға болады. Бет-әлпетіңіз ештеңе білдірмесе болғаны.

Жұбайлық қарым-қатынаста ерлердің физикалық белсенділігі маңыздырақ. Сондықтан физикалық қауқарыңызды күшейтетін, денсаулығыңызды шыңдайтын әрі еркектік қуатыңызды арттыратын төмендегі жатығуларды да жасап көріңіз.


1. «Сегізкөзбен сегіздік»

Ең оңай әрі ең әсерлі жаттығулардың бірі — жамбасты оңға-солға айналдыру. Осы арқылы шат айналасындағы қанайналымды жақсартасыз. Сегізкөз бен бел омыртқа, басқа да сүйектер белсенді әрекет етеді. Нәтижесінде сүйектеріңіз кез келген шалт қимылға дайын болып, «қызып» тұрады. Сондықтан, жамбас сүйектерімен ауаға 8 санын жиі сызып тұрыңыз.


2. «Сауырмен сырғанау»

Бұл жаттығуды фитнес-тренерлер де, урологтар да, сексологтар да жиі ұсынады. Ол жайдан-жай емес, аса пайдалы болғандықтан. Құлақ асып, тұрақты түрде жасап тұрсаңыз, өзіңізге жақсы. Ол үшін қатты, тегіс жерге отырып, екі аяқты алға созыңыз. Арқаны тік ұстауды ұмытпаңыз. Қолды өзіңізге ыңғайлы қалыпта ұстаңыз, тек, еденге тіреп, сырғанау кезінде тірек етпесеңіз болғаны. Осы қалыпта оң және сол жақ бөкселерді кезек-кезек қимылдата отырып, алға қарай жылжуға әрекет етіңіз. Тым болмағанда, 2 метрге дейін жылжып, дәл осы сырғанаған күйде кері қайтыңыз. Күн санап алға-артқа жылжу санын арттыра берсеңіз, күндердің күнінде жүру былай тұрсын, бөксемен жүгіретін жағдайға жетесіз.


3. «Аяқты аспанға»

Жұмсақ төсеніш үстіне шалқаңыздан жатыңыз. Тынығуға емес, жаттығу үшін. Екі аяқты қосып, тік ұстаған қалыпта жоғары көтеріңіз. Бұл — оңай. Аздап қиындату керек. Ол үшін енді аяғыңызды тік ұстаған күйі кеудеңізге қарай түсіріңіз. (Осы тұста екі қолды белге не еденге таяныш етіп көмектесуге болады.) Сіңір мен бұлшықеттеріңіз қай жерге дейін жібереді екен? Сол қалыпта13-15 секунд тұрыңыз. Бастапқы қалыпқа қайта келіп, денеңізді босатыңыз. Терең бір тыныстап алыңыз да, жаттығуды қайталаңыз. Бар-жоғы 6 рет.

Бірінші рет жасағаннан тізеңіз басыңызға тисе, тіпті жақсы. Тимесе, оқа емес. Күнделікті жасау арқылы біртіндеп жетесіз.


4. «Қайықша»

Енді екбетіңізге қарай аунап түсіңіз. Бірақ, демалуға әлі де асықпаңыз. Келесі жаттығу өз кезегін күтіп тұр. Оны орындау үшін аяқ-қолдарыңызды бірдей жоғары қарай көтеріңіз. Буындарды бүкпеңіз, тік қалыпта қолдарыңызды алға, аяқтарыңызды артқа қарай барынша созып ұстаңыз. Осы қалыпта 4-5 секунд тұрыңыз. Бөксе бұлшықеттері қатайып, ширығады. Бастапқы қалыпқа қайта келе отырып, жаттығуды бірнеше рет қайталаңыз. Әліңіз жеткенше. Осы жаттығуды жиі жасап, өзіңізді су бетінде толқыған қайықша сезінуге жеткен кезде төсек айдынында да ұзақ «жүзетін» боласыз.


Егер бұрын сізде мынадай келеңсіздіктер кездесіп қалып жүрсе:

  • жыныстық мүшенің сылбырлығы, босаңдығы;
  • «серігіңіздің» таңғы уақытта өзіңізбен бірге «ұйқыдан оянбауы»;
  • тестостеронның аз бөлінуі;
  • жыныстық қатынасқа құлықсыздық;
  • жұбайыңыздың көңілінің толмауы;
  • жұптық қатынас уақытының тым қысқарып кетуі.

Жоғарыда көрсеткен жолдармен жаттыққан соң бұл «минустың» барлығы жойылып, «плюске» шығатыныңызға күмән болмасын.

Дайындаған: Керім Бек,

ERNUR.KZ