Бірақ бұл карантин шараларын да толық алып тастайынын білдірмейді.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің елімізде де белең алып, ушыға түсуіне жол бермеу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен республикада төтенше жағдай енгізілгеніне де екі айға жуық уақыт болды. Бұл азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшін уақытша қабылданған мәжбүрлі шара еді. Ертең, 11 мамырда елімізде төтенше жағдай режимі алынады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Біз дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында коронавирус індетінің жаппай таралуына тосқауыл қойдық. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Пандемия ел экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Осыған қарай, Үкімет азаматтарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуде. Бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Табысынан айырылған адамдар қаржылай көмек алып жатыр. Мұның бәрі халықтың тұрмыс жағдайын төмендетпеу үшін жасалуда. Қабылданған шаралар өз нәтижесін бере бастағанын көріп отырмыз. Жағдай күрделеніп кетпесе, төтенше жағдай режимі он бірінші мамырда аяқталады», - деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 4 мамыр күні Парламент Сенатының отырысында сөйлеген сөзінде .
Бірақ бұл карантин шараларын да толық алып тастайынын білдірмейді. Қауіпсіздік шаралары алдағы уақытта да қатаң сақталуы шарт. Бұл ең алдымен еліміздің тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса қажет. Өйткені, коронавирус індетінің таралуы бәсеңдегенімен күн сайын еліміздің әр жерінен вирус жұқтырып алғандардың тіркеліп жатқаны бар. Айталық, бүгіннің өзінде коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 81 адам Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Жамбыл, Маңғыстау, Ақмола, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, және Қарағанды облыстарында анықталып, елімізде індетке шалдыққандардың саны 5000 адамнан асып отыр. Өкінішке қарай, 31 адам көз жұмды. Ал Қазақстан бойынша жазылған адамдар саны 1800-ден асып жығылады.
Жалпы, карантин режимі осы уақытқа дейін бірнеше рет жеңілдетілді. Мәселен, ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен 4 мамырдан бастап өңірлерде аумағы 500 шаршы метрге дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер сағат 17:00-ге дейін (барлық түрлері), фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер, шаштараздар (жазылу бойынша), медицина орталықтары (жазылу бойынша), стоматологиялық клиникалар (жазылу бойынша), жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар, шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары жұмысқа кірісті. Бұл ретте аталған жұмысын жандандырған мекемелер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап, қызметкерлерін, жұмысшыларын қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп, ғимарат ішінде антисептиктер қоюы қажет.
Сонымен қатар, далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға, балалардың аулада ойнауына рұқсат етілді.
Мұнан бөлек, алдымен Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында әуе қатынасы жанданды. Кейіннен Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге әуе қатынастарын қайта жандандыру туралы шешім қабылданды. Ал 11 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Тараз, Талдықорған қалаларына әуе қатынастары жанданады.
Айта кетерлігі, ҚР Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов ішкі әуе рейстерінде санитарлық карантиндік бақылауды күшейту туралы тиісті қаулы қабылдаған болатын. Аталған қаулыға сәйкес, ішкі әуе рейстері қайта жанданғаннан кейін негізгі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс.
«COVID-19 тестінен және жеке қорғану құралдарынан өткені туралы анықтама (берілген күннен бастап 14 күн, ПТР -зерттеу) болған жағдайда қызметкерлерді жұмысқа жіберуді; дене температурасын өлшей отырып, қызметкерлердің ауысым алдындағы медициналық тексеруден өткізуді; COVID-19 тестінен өткені туралы анықтама болған кезде ғана жолаушыларды тіркеуді және отырғызуды (анықтаманың қолданылу мерзімі берілген күннен бастап 7 күн, ПТР-зерттеу); әуе кемесінен тіркеуден, отырғызудан және түсіруден өту кезінде жолаушылар арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтауды (
Бұдан бөлек, әуежайдан ұшып шыққан кезде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Тараз, Талдықорған және Павлодар қалаларының әуежай басшылары COVID-19 тестінен өткені туралы анықтама және жеке қорғану құралдары болған жағдайда қызметкерлерді жұмысқа жіберілуін, жолаушылар арасындағы қауіпсіз арақашықтықтың сақталуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар, әуежайларға өзге де тиісті талаптарды орындау жүктеліп отыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, ертең, 11 мамыр күні елімізде төтенше жағдай режимі алынып тасталады. Соған байланысты карантин шаралары да босаңдатылуы мүмкін. Мұндай шешімді ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қабылдайтындығы белгілі.